ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан-Британ техникалық университетімен және Мемлекеттік кредиттік бюромен бірлесіп, Қазақстан қаржы ұйымдарының қолдауымен "KBTU Risk Management Case Competition" деп аталатын тәуекел-менеджмент бойынша кейс-чемпионат өткізілетіні туралы хабарлайды. Бұл туралы inbusiness.kz сайты жазады.
"Чемпионатқа қатысуға Қазақстанның жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттары шақырылады. Әр ЖОО-дан 2-ден артық емес команда қатыса алады, әрбір командада – 5 адамға дейін", - делінген Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз хабарламасында.
Айта кету керек, тәуекел-менеджмент бойынша кейс-чемпионат қарыз алушының дефолт тәуекелін модельдеу бойынша талдамалық сервисті әзірлеу және оны таныстыру форматында өтеді.
Командалардың алдына кейсті орындау бойынша: берілген деректер негізінде машиналық оқыту алгоритмдерін пайдалана отырып, жеке тұлғалардың кредит қабілеттілігін бағалау моделін әзірлеу, деректерді енгізуге және болжамдарды алуға мүмкіндік беретін модельді пайдалану үшін интерфейсті әзірлеу міндеті қойылады. Ал модельді әзірлеу тәсілдерін дәлелдеуге қатысты, модельдің кредиттік ұпайлары мен болжамдарына, модельдің дәлдігі мен тұрақтылығына қандай факторлар әсер етеді деген сияқты бірқатар міндеттер қойылып жатыр.
Сонымен қатар, іс-шара қатысушыларға өзекті бизнес-міндетті шешуде практикалық тәжірибе алуға, еліміздің үздік тәуекел-менеджерлерімен кеңесуге, идеяларды көпшіліктің қолдана алуына мүмкіндік береді, сондай-ақ олардың кәсіби қызмет желісін кеңейтеді және жаңа мансаптық мүмкіндіктер септігін тигізеді.
Еске сала кетейік, https://riskcase.kbtu.kz/ сайтында қосымша ақпарат алуға және 2024 жылғы 14 қаңтарда сағат 23:59-ға дейін (Алматы қ. уақыты бойынша) тіркелуге болады.