ҚР денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 6 қыркүйектегі № 680 бұйрығымен тәуелсіз сарапшылар ретінде тәуелсіз сараптама жүргізуге жеке тұлғаларға қойылатын жаңа талаптар бекітілді. Осы бұйрық 2017 жылғы 27 қыркүйекте № 15757 ҚР Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өтті, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Сонымен, тәуелсіз сарапшы ретінде тәуелсіз сараптама жүргізуге жеке тұлғалар жоғары медициналық білімі, мәлімделген мамандығы бойынша кемінде 10 жыл жұмыс өтілі, соңғы 3 жыл ішінде кемiнде 216 сағат бiлiктiлiгiн арттырған, клиникалық практикаға жіберу үшін маман сертификаты және мәлімделген мамандығы бойынша жоғары біліктілік санаты бар болған жағдайда жіберіледі.
Тәуелсіз сарапшылар денсаулық сақтау субъектілерінің кадрлық, материалдық-техникалық ресурстарын оңтайлы пайдалану және заманауи медициналық технологияларды қолдану негізінде пациенттердің қажетті көлемдегі және тиісті сападағы медициналық көмек алу құқықтарын қамтамасыз ету; денсаулық сақтау субъектілерінің қызметін бағалаудың ашықтығы мен объективтілігін, медицина қызметкерлерінің құзыретін, мамандардың біліктілік деңгейін қамтамасыз ету; белгілі бір ауру немесе клиникалық жағдай кезінде медициналық көрсетілетін көмекке қойылатын жалпы талаптарды қалыптастыру кезінде ұсынымдардың өзектілігі мен негізділігін қамтамасыз ету мақсатында сыртқы сараптама жүргізуге тартылатынын атап айтқан жөн.
Бұл ретте, оларды денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне сыртқы сараптама жүргізу кезінде уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері, денсаулық сақтау субъектілері, жеке немесе заңды тұлғалар тарта алады.
Айта кетсек, тәуелсіз сарапшылар санын көбейту сараптама сапасын жақсарта отырып, бәсекелестік ортаны құруға мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылғы 1 қаңтарға дейін жеке тұлғаларды аккредиттеудің тәуелсіз сараптама жүргізу үшін оларға аккредиттеу туралы куәлікті беру арқылы жүргізілген. 2017 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне тәуелсіз сараптамалық бағалау жүргізуге жеке тұлғаларды аккредиттеу туралы куәліктері мерзімі аяқталғанға дейін қолданыста болады.