Қазақстанда телемедициналық қызметтерді пайдалану артып келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жыл басынан бері елдегі медициналық ұйымдар 23,1 млн-нан астам қызмет көрсетсе, оның 2,17 миллионы қашықтан ұсынылған.
Осылайша, телемедициналық қызметтердің жалпы медициналық қызметтердегі үлесі 9,4%-ға жетті.
Қазір телемедициналық қызмет көрсетуге 655 медициналық ұйым қосылған. Олардың әлеуетті қамту ауқымы 2 млн-нан астам адамды құрайды. Бүгінде 1 млн-нан астам қазақстандық дәрігерлердің қашықтан консультацияларын пайдаланған.
Телемедицина әсіресе ауылдық және шалғай елді мекендердің тұрғындары үшін маңызды. Оның көмегімен пациенттер облыстық және республикалық клиникаларға бармай-ақ бейінді мамандардан кеңес ала алады.
Бұл медициналық көмекті күту уақытын қысқартуға, пациенттердің уақыт және қаржылық шығындарын азайтуға, сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша үздіксіз медициналық бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау министрлігі телемедицинаны одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. Мақсат – тұрғылықты жеріне қарамастан ел тұрғындарының сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру.