2026 жылдың қаңтарында Ұлттық статистика бюросы ересек тұрғындар арасында темекі тұтыну деңгейін анықтау бойынша кезекті жыл сайынғы сауалнама жүргізді, деп хабарлады inbusiness.kz сайты.
Зерттеу еліміздің барлық өңірлерін, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларын қамтыды. Сауалнамаға 15 жастан асқан 12 мың үй шаруашылығының бір мүшесі қатысты.
stat.gov.kz
Нәтижеге сәйкес, қазіргі уақытта Қазақстан халқының 15,1 пайызы темекі шегеді. Бұл көрсеткіш 2025 жылмен салыстырғанда 2,4 пайыздық тармаққа төмен (2025 жылы – 17,5%).
Темекі тұтыну деңгейі ауылдық жерлерде 17,8 пайызды, ал қалаларда 14 пайызды құрады. Темекі шегетіндердің арасында ерлердің үлесі 30,5 пайыз, әйелдердің үлесі 4,9 пайыз болды.
Темекі тұтынушылардың басым бөлігі – 98,6 пайызы өнеркәсіптік жолмен өндірілген темекіні пайдаланады. Электронды темекі тұтынатындар үлесі – 0,4 пайыз, темекіні қыздыру құрылғыларын ("IQOS", "GLO" және т.б.) қолданатындар – 0,9 пайыз, басқа темекі өнімдерін пайдаланатындар – 0,1 пайыз.
Қазақстанда ересек тұрғындар арасында темекі тұтыну деңгейін зерттеу 2020 жылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысымен жүргізіліп келеді. Зерттеу Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ересек халықтың темекі тұтынуын бағалауға арналған GATS халықаралық әдістемесіне сәйкес жүзеге асырылады.