Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров елімізде тері мен жүн өңдеу саласы баяу дамып жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бүгінгі таңда баяу дамып жатқан бағыттардың бірі – тері мен жүн өңдеу саласы. Тері өңдеу саласында жалпы қуаттылығы 3,3 млн дана ірі қара малдың терісін өңдейті 9 кәсіпорын жұмыс істейді, олардың жалпы жүктемесі 6-ақ пайыз. Жүн өңдеумен 13 кәсіпорын айналысады. Аталған кәсіпорындардың қуаты жылына 36 мың тонна жүнді құрайды, жүктемесі – 26 пайыз", - деді ол Үкімет отырысында.
Министр салада қандай жобалар іске асырылып жатқанын айтты.
"Алматы қаласында қуаттылығы 7 мың тонна желатин өндіруге арналған "Iskefe Holding" ЖШС, жемшөп қоспаларын өндіру бойынша 2 жоба – қуаттылығы 4,8 мың тонна "Протеин" СК (СҚО) және қуаттылығы 2 мың тонна "Бату Агро" ЖШС (Алматы облысы) іске асырылып жатыр. Жүнді қайта өңдеу бойынша Ақтөбе облысы "КазФелТек" ЖШС жобасы жылу оқшаулау материалдарын жасау үшін қылшықты жүнді пайдаланатын болады. Кәсіпорынның жылдық қуаты – 2,1 мың тонна", - деді Сапаров.
Ведомство басшысы осы жобалар былғары өнеркәсібі үшін пайдаланылмаған терінің көп бөлігін қайта өңдеуге мүмкіндік береді деген пікірде.