Әлеуметтік желіде белсенділік болып, желі жұлдызына айналған әкім қазақстандықтардың көңілінен шығып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Шенеунік TikTok-та тұрғындардың мәселе жазған хатына жедел әрі кез келген уақытта видео арқылы жауап береді. Көпшілік оның көлікте де, тіпті үйінде отырып та сұрақтарды жауапсыз қалдырмайтынына дән риза.
Мысалы, Арыстанбек әкімге Марс есімді әлеуметтің желі қолданушысы көшенің лас екенін айтып, шағымданған. Шенеунік бұл жазбаға көп ұзамай жауап қатты.
– Марс, келе жатырмын. Күтіп ал! Үйдесің бе, шық! Қазір Левитана көшесіне келеміз. 5 минутта боламын, – деп жауап берген көлікте келе жатқан әкім.
Жұмысты жүйелендіруде жаңаша бағыт тапқан әкім көшеге барғаннан кейін де Марсқа видео жолдапты.
– Марс, сенің көшеңе келіп тұрмын. Көшенің ағашын, тазалығын көріп отырмын. Азиза өткенде су мәселесін айтып еді. Енді сенің уақытың болғанда тағы келеміз, жарай ма? – деп уәде береді ол.
Осы кездің өзінде әкімнің 24 мыңнан аса жазылушысы бар. Ал кейбір видеоларының қаралымы 400 мыңнан асып кеткен.
"Мұндай әкімдер бар ма, бұл өмірде?", "Қандай күшті әкім?", "Хит әкім болайын деп тұр", "Мына әкім нағыз іскер екен", "Өзгелер үлгі алсын", "Заманауи әкім осындай болуы керек" деп жарыса пікір жазуда ел тұрғындары әкімнің кейбір видеоларына.