Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Телекоммуникациялар комитеті төрағасы Дамир Сейсембеков 3 ұялы байланыс операторы өзара белсенді бәсекелесіп жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, елімізде 3 ұялы байланыс операторы бар.
"Бұл – халықаралық бенчмарк. Көрші елдерде екіден төртке дейін ұялы байланыс операторы бар. "Теле2" компаниясын қатарлық инвестор сатып алғаннан кейін үкіметаралық келісімге қол қойылды. Оған сәйкес, біз осы жылдың соңына дейін 5G лицензияларын бере алмаймыз және жаңа ұялы байланыс операторларын құра алмаймыз. Сондықтан бұл мәселе әлі қарастырылып жатқан жоқ", – деді комитет төрағасы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Дамир Сейсембековтың сөзінше, нарықтағы үш ұялы байланыс операторы өзара белсенді бәсекеге түсіп жатыр.
"Әзірге төртінші оператордың пайда болу не болмауы туралы айту орынсыз. Себебі бізде белгілі бір шектеулер бар", – деп түсіндірді ол.
Айта кету керек, бұған дейін елімізде тағы бір жаңа ұялы байланыс операторы пайда болуы мүмкін екенін жазғанбыз.