Қазақстанда трансформаторлар қауіпсіздігіне қойылатын талаптар белгіленбек

644

Соңғы екі жылда елімізде 100-ден астам электр жабдығы жанып кеткен.  

Қазақстанда трансформаторлар қауіпсіздігіне қойылатын талаптар белгіленбек Фото: aqmeshit-zhastary.kz

Сондықтан жоғары вольтты жабдыққа қатысты ұлттық техникалық регламентті әзірлеу туралы шешім қабылданды. Бұл туралы ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Қазақстан Республикасының техникалық регламенттерін әзірлеу жоспарын толықтыру туралы тиісті бұйрық комитеттің сайтында жарияланған.

"Жоғары вольтты жабдық қауіпсіздікке үлкен зиян төндіруі мүмкін. Атап айтқанда, электр оқшаулау беріктігінің төмен деңгейінде өрт қауіпсіздігі, жарылыс қауіпсіздігі және т.б. Мәселен  ТЖМ мәліметтері бойынша, соңғы 2 жылда электр жабдығының жануы тіркелген жүзден астам жағдай орын алды. Әрине, олардың басым бөлігі ескірген жабдықтармен және дұрыс емес пайдалану жағдайларымен байланысты, бірақ өнімнің өзіне және оның сәйкестігін бағалау рәсіміне қойылатын талаптар болуы тиіс", - деп атап өтті комитет төрағасы Қуаныш Елікбаев.

Сәйкестікті бағалау нысандары, схемалары мен рәсімдері (декларациялау не сертификаттау), сондай-ақ жоғары вольтты жабдықтың нақты түрлері биылғы жылы техникалық регламенттің мәтінінде белгіленетін болады.

"Біздің елімізде трансформаторлар, конденсаторлар және басқа да жоғары вольтты жабдықтар өндірісі жоғары деңгейде дамыған. Қазақстандық өндірушілердің жабдықтары ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар шетелде бәсекеге қабілетті, өзінің барлық қауіпсіздік талаптарына, оның ішінде шетелдік сынақ орталықтарында да сәйкестігін сәтті растайды. Алайда, бүгінде қазақстандық тұтынушылар сұр қауіпті импорт проблемасына тап болып отыр. Біз азаматтық және өнеркәсіптік объектілерде қауіпсіздікке қатер төндіре отырып, ҚР қауіпті өнімдерді әкелетін нақты импорттаушыларды білеміз", - деп атап өтті Қазақстанның электр машина жасау қауымдастығының басқарушы директоры Ғалым Болатов.

Сондай-ақ, ол қауіпсіздіктің міндетті минималды талаптарының болмауы уәкілетті органдарға мұндай жағдайларды анықтауға және тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік бермейтінін атап өтті. Қазіргі жағдайда Ұлттық техникалық регламентті қабылдау Қазақстандағы өнімнің қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, нарықты жосықсыз бәсекелестіктен қорғайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу