Қазақстанда туберкулезбен сырқаттанушылық 13,1%-ға төмендеді

325

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.  

Қазақстанда туберкулезбен сырқаттанушылық 13,1%-ға төмендеді Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Telegram

Қазақстанда соңғы бес айдың қорытындысы бойынша туберкулезге қатысты негізгі эпидемиологиялық көрсеткіштер жақсарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, осы кезеңде туберкулезбен сырқаттанушылық 13,1%-ға төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққанда 28,6 жағдайды құрады.

Аурудың таралу көрсеткіші 14%-ға азайып, 100 мың тұрғынға шаққанда 37 жағдайға дейін төмендеді. Ал туберкулезден болатын өлім-жітім 25%-ға қысқарып, 100 мың тұрғынға шаққанда 0,7 жағдайды құрады.

Балалар арасында да оң динамика байқалады. 0–17 жас аралығындағы балалардың сырқаттанушылығы 5,7%-ға төмендеген. Сонымен қатар, 2024 және 2025 жылдары елімізде балалар арасында туберкулезден қайтыс болу дерегі тіркелмеген.

Министрлік мәліметінше, Қазақстанда туберкулезді анықтау, диагностикалау, емдеу және алдын алу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жүргізіледі. Қазіргі уақытта ауруды және оның дәріге төзімділігін екі сағаттың ішінде анықтауға мүмкіндік беретін заманауи жедел диагностика әдістері қолданылады.

Емдеу барысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған толықтай таблетка түріндегі қысқа мерзімді емдеу сызбалары пайдаланылады. Ал профилактикалық емдеудің тиімділігі 92,8%-ға жеткен.

Биылғы жылдың алғашқы бес айында пациенттердің 70%-ы емдеуді амбулаториялық жағдайда бастаған. Оның ішінде 39,2%-ы смартфон арқылы бейнебақылаумен ем қабылдаса, 57,5%-ы тікелей бақыланатын ем кабинеттерінде емделген. Ал 3,3%-ы күндізгі стационарда немесе мобильді бригадалардың көмегімен ем алған. Амбулаториялық ем алып жатқан науқастардың 95%-дан астамы әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған.

Денсаулық сақтау министрлігі туберкулезбен сырқаттанушылық пен өлім-жітімді төмендету, профилактикалық бағдарламаларды кеңейту және ауруды қоғамдық денсаулық сақтау мәселесі ретінде жою бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатқанын мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу