Қазақстанда ТҮИБ мен ПИК сұрыпталған қоқыс үшін төлем ала алады

Бұл норма Экология және табиғи ресурстар министрінің 2026 жылғы 9 қыркүйектегі №200 бұйрығымен бекітілген.  

Қазақстанда ТҮИБ мен ПИК сұрыпталған қоқыс үшін төлем ала алады Фото: baigenews.kz

Осылайша, Қазақстандағы көпқабатты тұрғын үйлерді басқаратын ұйымдарға қоқысты сұрыптауға мүмкіндік беріліп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жаңа тәртіп бойынша Тұрғын үй иелері бірлестіктері (ТҮИБ), Пәтер иелері кооперативтері (ПИК) және басқарушы компаниялар ауладағы тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинап, қайта өңдеуге тапсырған жағдайда қаржылай қолдауға өтініш бере алады.

Десе де, төлем алу үшін бірқатар талапты орындау қажет:

  • Алдымен ұйым заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, экология саласындағы мемлекеттік реестрге енгізілген болуы керек. Сонымен қатар, ол банкроттық, қызметін тоқтату немесе тарату процесінде болмауға тиіс;
  • Қоқысты сұрыптап жинау үшін тұрғын үйдің аумағында кемінде 2 бөлек контейнер орнатылуы немесе қалдықтарды уақытша сақтауға арналған арнайы алаң жабдықталуы қажет;
  • Бұдан бөлек, үй тұрғындарының бұл бастамаға берген келісімі тиісті хаттамамен рәсімделуі тиіс;
  • Өтінім арнайы ақпараттық жүйе арқылы онлайн беріледі. Құжаттар тексерілгеннен кейін талаптарға сәйкес келген ұйыммен белгіленген үлгідегі келісімшарт жасалады.

Бұл ретте қаржылай төлем кез келген тұрмыстық қалдық үшін берілмейді. Мемлекеттік қолдау тек сұрыпталып, нақты қайта өңдеуге жіберілген қалдықтарға қатысты қарастырылған. Яғни, полигонға шығарылатын кәдімгі тұрмыстық қоқыс бұл бағдарламаға кірмейді.

Жаңа тетік көпқабатты үйлерді басқаратын ұйымдарға қосымша кіріс көзіне ие болуға мүмкіндік берумен қатар, тұрғындарды қалдықтарды сұрыптап жинауға ынталандыруды көздейді. Нәтижесінде қайта өңдеуге жарамды қалдықтардың көлемін арттырып, тұрмыстық қоқыстың қоршаған ортаға түсетін салмағын азайтуға жол ашылмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу