Қазақстанда маусымдық тұмауға қарсы вакцинациялау науқаны басталды. Халықты тегін иммундау үшін елге 2,1 млн доза вакцина жеткізіледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазір оның алғашқы 564 мың дозасы өңірлерге жөнелтіле бастады. Вакцина Алматы, Түркістан және Жетісу облыстарына, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларына жеткізілді. Қалған өңірлерге вакцинаны 5 қазанға дейін жеткізу жоспарланған.
Вакцина медициналық ұйымдарға түскен жерлерде халықты иммундау жұмыстары басталды.
Вакцинациялау науқанын өткізу үшін ресейлік өндірістің "Гриппол®️" вакцинасы сатып алынды. Оның штамдық құрамы алдағы эпидемиялық маусымға арналған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес келеді.
Бірінші кезекте тұмауға және оның асқынуына бейім адамдар тегін вакцинацияланады. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, диспансерлік есепте тұрған балалар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері мен контингенті, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша инфекция жұқтыру қаупі жоғары адамдар бар.
Қазан айы тұмаумен сырқаттанушылықтың маусымдық өсуіне дейін вакцинациялау үшін оңтайлы кезең саналады. Вакцинация аурудың ауыр өтуі мен асқыну қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.
Нысаналы топқа жататын азаматтарға вакцинация туралы ақпарат алу үшін тіркелген жері бойынша медициналық ұйымдарға жүгіну ұсынылады.