Қазақстан қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтында математикадан ТМД мемлекеттері жоғары әскери оқу орындары курсанттарының ІІІ халықаралық олимпиадасы өтеді, деп хабарлайды қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Салтанатты ашылуы жақында ғана өткен зияткерлік турнирге 6 елден – Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения және Тәжікстан командалары қатысады. Халықаралық олимпиадада еліміздің намысын Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтының курсанттары қорғайды.
Олимпиада қорытындысы 13 сәуірде белгілі болады. Жеңімпаздардың есімі олимпиаданың салтанатты жабылу рәсімінде айтылады. Халықаралық олимпиада әскери кадр дайындау сапасын арттыру, олардың кәсіби тұрғыда уәждеу, курсанттардың ғылыми және шығармашылық қабілетін қалыптастыру және ашу, сондай-ақ әскери оқу орындары профессорлық-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру және оқыту әдістемелерін дамыту мақсатында өткізіледі.