Қазақстанда тұрақты авиациялық отын өндірудің жаңа экожүйесі құрылмақ

156

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.

Қазақстанда тұрақты авиациялық отын өндірудің жаңа экожүйесі құрылмақ Фото: Үкімет

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов гонконгтық Full Vision Capital компаниясының негізін қалаушы доктор Питер Лимен кездесу өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Онда энергетика саласындағы ұзақмерзімді ынтымақтастықтың перспективалары, атап айтқанда, экологиялық таза авиациялық отын өндірісін (Sustainable Aviation Fuel, SAF) дамыту, зияткерлік энергетикалық шешімдерді және энергияны жинақтаудың заманауи жүйелерін енгізу саласындағы мәселелер талқыланды.

Алатау қаласының аумағында алғашқы тәжірибелік пилоттық жобаны іске қосуға ерекше назар аударылды. 

"Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы" Конституциялық заң инвесторларға құқықтық айқындықты, тұрақты салық жағдайларын және "бір терезе" режимін ұсынады. Алатау қаласы технологиялар мен сіздің девелоперлік тәжірибеңізді локализациялау үшін пилоттық алаң бола алады. Үкімет барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайын", – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Питер Ли Full Vision Capital мен Қазақстан Республикасы арасындағы серіктестіктің ұзақ мерзімді және ауқымды моделін құруға бағытталған одан арғы ынтымақтастық туралы өзінің көзқарасын ұсынды.

"Алатау қаласының "жасыл" трансформациясын қолдау мақсатында Қазақстан Үкіметімен ынтымақтастық орнату біз үшін үлкен мәртебе. Осы әріптестік аясында біз Алатауға, сондай-ақ Қазақстанға да тұрақты қала дамуының жаңа халықаралық стандартын қалыптастыруға көмектесетін инновациялық технологияларды енгізуді көздеп отырмыз", – деп атап өтті доктор Питер Ли.

Кездесу қорытындысы бойынша Alatau City Authority, Қазақстан Республикасының Энергетика, Ауыл шаруашылығы және Көлік министрліктері мен Full Vision Capital компаниясы арасында Green Kazakhstan жобасы бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Құжат тұрақты авиациялық отын өндіру бойынша – ауыл шаруашылығы шикізатын өсіруден бастап оны қайта өңдеуге және дайын өнімді шығаруға дейінгі интеграцияланған экожүйені құруды пысықтауды көздейді. Сондай-ақ тараптар энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыру және жаңартылатын энергия көздерін интеграциялау үшін ақылды энергетика мен никель-сутекті энергия жинақтау жүйелері саласындағы шешімдерді енгізу мүмкіндіктерін зерделейді.

Премьер-министр салалық мемлекеттік органдар мен AlatauCity Authority-ге пилоттық жобаларды жүзеге асыруға жәрдем көрсетуді тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу