2026 жылғы шілдеде Қазақстанда тұрғын үйді алып-сату бойынша 37 158 мәміле тіркелді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы маусыммен салыстырғанда (39 053) мәмілелер саны 4,9-ға азайған. 2026 жылғы шілдеде тұрғын үйді алып-сату мәмілелері алдыңғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 6,5%-ға төмендеді. (39 742-ден 37 158 дейін).
Мәмілелер саны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Мұнда 7 263 мәміле жасалған, бұл жалпы көлемнің 19,5%-ын құрайды. Екінші орында – Астана, онда 6 999 мәміле немесе 18,8% тіркелген. Үшінші орында Қарағанды облысы – 2 688 мәміле (7,2%).
Ал ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысында байқалды – 311 мәміле, яғни жалпы көлемнің 0,8%-ы.
Қай өңірлерде мәмілелер артты?
2026 жылғы маусыммен салыстырғанда ең көп Шымкентте өсті – 14,2%-ға. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында өсім 14%-ды, Жамбыл облысында 11,5%-ды құрады.
Ал ең айтарлықтай төмендеу Маңғыстау облысында тіркелді – 33,7%. Қарағанды облысында мәмілелер саны 28,7%-ға, Түркістан облысында 22,4%-ға азайды.
Пәтер сату көлемі төмендеді
Шілдеде көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй бойынша 28 575 мәміле жасалды. Бұл барлық тұрғын үй мәмілелерінің 76,9%-ын құрайды. Көрсеткіш маусым айымен салыстырғанда 2,9%-ға немесе 857 мәмілеге азайған.
Пәтер сату бойынша негізгі үлес Астанаға (24%), Алматыға (23,4%) және Қарағанды облысына (7,8%) тиесілі.
Бөлме саны бойынша екі бөлмелі пәтерлер ең көп сатылған - 11 056 мәміле тіркелді.
Жеке тұрғын үйлер бойынша да мәмілелер саны азайған. Шілдеде бұл сегментте 8 583 мәміле жасалып, маусыммен салыстырғанда көрсеткіш 10,8%-ға төмендеді.
Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелердің ең жоғары өсімі Жамбыл облысында (9,9%), Жетісу облысында (7,3%) және Шымкент қаласында (5,3%) байқалды. Ал ең үлкен төмендеу Маңғыстау (-49%), Ұлытау (-47%) және Қарағанды (-32,9%) облыстарында тіркелді.
Жыл басынан бергі көрсеткіш те төмендеген. 2026 жылғы қаңтар–шілде аралығында тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,6%-ға азайды.
Сонымен қатар, жылдық салыстыруда ең жоғары өсім Ұлытау облысында тіркелді – 25,9%, ал ең үлкен төмендеу Қызылорда облысында болды – 21,4%.

stat.gov.kz