2026 жылдың тоғыз айында Қазақстанның туризм саласына салынған инвестиция көлемі 1 трлн 319 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 68%-ға көп. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.
Биылғы бірінші жартыжылдықта қонақүйлер мен өзге де орналастыру орындары 5 млн-ға жуық адамға қызмет көрсеткен. Бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5%-ға артық. Ал көрсетілген қызмет көлемі 15%-ға өсіп, 173,7 млрд теңгеге жетті.
Қазір туризм саласында 565 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бұл елдегі жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 6%-ын құрайды.
2026 жылы өңірлерде жалпы құны 19,5 млрд теңге болатын 15 туристік инфрақұрылым жобасы аяқталды. Жыл соңына дейін құны 159 млрд теңгеге бағаланған тағы 38 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар 2025–2026 жылдары жалпы сомасы 78 млрд теңге болатын 64 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 2 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды.
Жетісу облысында Алакөл жағалауын бекіту жұмыстары жалғасып жатыр. Жобаның жалпы құны – 17,8 млрд теңге. 2025–2026 жылдары оған 5,5 млрд теңге бөлінді, тағы 10,5 млрд теңге Инфрақұрылымдық даму қорынан қарастырылған.
Алматы облысында Қайыңды көлі мен "Көшпенділер қаласы" туристік нысанына апаратын жолдар салынды. Абай облысында құны 7,9 млрд теңге болатын "Алакөл – Көктал" электр желісінің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Щучье-Бурабай курортты өңірін, Маңғыстау туристік өңірін және Алматы тау кластерін кешенді дамыту жоспарлары бекітілген. Бұл жоспарларда барлығы 293 іс-шара қамтылған. Оның 61-і орындалса, қалған 232-сі іске асырылып жатыр.
Биыл туристік автобустармен жүретін ұйымдасқан топтардың мемлекеттік шекарадан өтуін жеңілдету үшін "жасыл дәліз" тетігі енгізілді. Сондай-ақ 18 жасқа дейінгі балаларға ұлттық парктерге кіру тегін болды. Ұлттық парктердің жер учаскелерін ұзақ мерзімге пайдалану мерзімі 25 жылдан 49 жылға дейін ұзартылды.
Бұдан бөлек, биылғы тоғыз айда 24 жаңа халықаралық әуе бағыты ашылды. Қазір Қазақстан 31 елмен 137 бағыт бойынша халықаралық әуе қатынасын жүзеге асырып отыр. Кендірлі, Зайсан және Катонқарағайда үш жаңа әуежайдың құрылысы жүріп жатыр.