Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператормен бірлесіп, тұрмыстық химия және косметикалық өнімдерді таңбалау мен қадағалау бойынша қанатқақты жобаны аяқтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Пилоттық жобаға тауар өткізу тізбегінің әртүрлі кезеңдерін қамтитын 20 ұйым қатысты. Олардың қатарында отандық өндірушілер, импорттаушылар, көтерме және бөлшек сауда өкілдері бар. Жоба аясында сәйкестендіру құралдарын қолданудың түрлі тәсілдері сыналып, олардың өндіріс пен тауар айналымындағы тиімділігі бағаланды.
Сынақтар сабын, жуу және тазалау құралдары, сәндік косметика, шаш пен ауыз қуысына күтім жасау өнімдерін қоса алғанда, жеті тауар тобын қамтыды. Қатысушылар таңбалау жүйесінің толық жұмыс циклін – кодтарды қалыптастырудан бастап, өнімді бақылау-кассалық машиналар арқылы айналымнан шығаруға дейінгі барлық кезеңді тексерді.
Практикалық сынақтар бірқатар отандық кәсіпорындар мен ірі импорттаушылардың өндірістік алаңдарында өткізілді.
"Өндірушілер үшін жаңа цифрлық шешімдердің саланың ерекшеліктері мен нақты өндірістік үдерістер ескеріле отырып енгізілуі аса маңызды. Сондықтан пилоттық форматтың практикалық маңызы зор. Ол әртүрлі технологиялық шешімдерді сынақтан өткізуге, сәйкестендіру құралдарын қолданудың ең тиімді тәсілдерін анықтауға және реттеуші шешімдер қабылданғанға дейін ықтимал мәселелерді алдын ала пысықтауға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл мемлекеттің міндеттерін де, бизнес мүдделерін де тең дәрежеде ескеретін теңгерімді тетіктерді қалыптастыруға ықпал етеді", – деп атап өтті пилоттық жоба барысында "МедиДез" ҒӨБ" ЖШС өндірістік цехының шебері Әмір Өтенов.
Қанатқақты жоба нәтижелері тауарларды цифрлық таңбалау саласында одан әрі шешімдер әзірлеу кезінде пайдаланылады.
Жоба барысында алынған деректер саланың техникалық дайындығын бағалауға, цифрлық шешімдерді қолданыстағы бизнес-үдерістерге енгізудің ерекшеліктерін айқындауға және тұрмыстық химия мен косметикалық өнімдер нарығының ерекшеліктерін ескере отырып, нормативтік реттеуді жетілдіру жөнінде ұсыныстар қалыптастыруға мүмкіндік берді.