Қазақстанда түсірілген фильмдер салықтан босатылады - министрлік

1057

Қазақстанда түсірілген фильмдер салықтан босатылады - министрлік

Қазақстан Республикасында түсірілген фильмдер қосымша құн салығынан босатылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі Заң қызметі департаментінің директоры Күміс Сейітова "Кинематография туралы" жаңа заң жобасын таныстыру барысында айтты.

"Қазіргі уақытта кинематографиядағы барлық процестер "Мәдениет туралы" Заңның бірнеше баптарымен ғана реттеліп отыр. Әрине, бұл кино секілді ауқымды саланы толық реттеуге мүмкіндік бермейді. АҚШ, Франция, Германия, Ресей, Ұлыбритания, Қытай секілді жетекші елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, маңызды мәселені заңнамалық деңгейде реттеуді ұсынып отырмыз", - деді МСМ Заң қызметі департаментінің директоры Күміс Сейітова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Департамент директорының айтуынша, аталған заң жобасында бірқатар салықтық жеңілдіктер қарастырылған.

"Заң жобасында Қазақстан Республикасында түсірілген фильмдер өндірісін қосымша құн салығынан босату ұсынылды. Сондай-ақ,  ұлттық фильм көрсету барысында кинотеатрларды корпоративтік табыс салығынан босату да қарастырылды. Аталған жоба қазір ҚР Парламенті Мәжілісінде қаралып жатыр", - деді Күміс Сейітова.

Сондай-ақ, баспасөз мәслихатына қатысқан режиссер және продюсер Ахат Ибраев Қазақстанда түсірілетін шетелдік жобаларға салықтық жеңілдік жасап, ондағы түсірілім тобының 50 процентін қазақстандықтардан құрауды міндеттеу қажеттігін айтты.

"Көптеген шетелдік студиялар Қазақстанға түсірілім жасауға қызығушылық танытып отыр. Оларды Қазақстанға шақырып, осыдан 4 жыл бұрын түсірілген "Марко Поло" секілді жобаларды көбейту үшін салықтық жеңілдіктер жасау керек. Бірақ, мұндай жеңілдіктер түсірілім тобының кем дегенде 50 проценті қазақстандықтар болса ғана жасалуы тиіс. Мұндай жобаларда жұмыс істеу арқылы біліктілікті көтеруге, жергілікті шығармашылық мамандардың деңгейін арттыруға болады", - дейді Ахат Ибраев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу