Қазақстанда урбанизация деңгейі 61,5%-ға жетті

1168

Демографиялық ахуалдың базалық сценарийіне сәйкес, 2050 жылға қарай Астана, Шымкент пен Маңғыстау облысының халық саны (2022 жылмен салыстырғанда) екі есеге өседі.  

Қазақстанда урбанизация деңгейі 61,5%-ға жетті Фото: egemen.kz

Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы азаматтар саны 15%-16%-ға, Қостанай облысында – 22%-ға, Солтүстік Қазақстан облысында – 34%-ға қысқарады, деп жазады inbusiness.kz finprom.kz порталына сілтеме жасап.

Елімізде қала мен ауыл тұрғындары санында алшақтық артып келеді. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес, урбанизация деңгейі 2025 жылға жоспарланған көрсеткішке жеткен. Соңғы 4 жылда елдегі қала халқының үлесі 57,6%-дан 61,5%-ға дейін артты. Ал, ауыл тұрғындарының үлес салмағы төмендеп, биылғы 1 қаңтарда 38,5%-ды құраған.

2018 жылдан 2022 жылға дейін қалаларға 1,5 млн тұрғын қосылып, тұрғындар саны 12 млн-ға жуықтады. Қалалықтардың саны туу көрсеткіші мен көші-қон ағынының есебінен өсті. Осы жылдар аралығында қалалардың көші-қон сальдосы оң болды.

Ауылдардағы жағдай өзгеше. Соңғы бес жылда ауыл халқының саны 193 мыңға азайып, 7,5 млн адамды құрады. Былтыр ауыл халқының көші-қон сальдосы минус 67 мың адам болды.

Ауыл тұрғындары республиканың ірі елдімекендерін, сондай-ақ шетелге де көшкен. Өңірлер ішіндегі негізгі бағыттардың біріне облыстың ірі қалаларына қоныс аудару жатады. Өңірлік көші-қон статистикасы Қонаевтан басқа барлық облыс орталығында оң сальдо барын көрсетеді.

Алматы мен Астанада біраз жылдар бойы көші-қонның оң сальдосы байқалып отыр. Былтыр елорда халқы аймақтардан келген 33,8 мың қазақстандықпен, ал Алматы ішкі көшіп-қонушылар есебінен 35,3 мың адаммен толыққан.

Өңіраралық көші-қонға келсек, 2022 жылғы келушілер мен кеткендер арасындағы айырмашылықтың оң көрсеткіштері мегаполистер мен Алматы облысы ғана тиесілі. Барлық басқа аймақтарда теріс сальдо байқалды. Былтыр облыстар арасындағы көші-қон екі негізгі бағытта жүргізілді. Оңтүстік өңірлердің тұрғындары жақын маңдағы ірі мегаполистерге (Алматы, Шымкент), ал солтүстік пен орталық облыс тұрғындары Астанаға көшті.

Айтарлықтай көші-қон ағыны Түркістан облысында байқалған (-18,1 мың адам). Бұл Шымкент, Алматы қалаларына және Алматы облыстарына қоныс аударғандар есебінен қамтамасыз етілді. Екінші орында Жамбыл облысы (-10,3 мың адам) орналасты. Бұл өңір тұрғындары былтыр Алматы агломерациясына көшкен. Үшінші орында Жетісу облысы (-8,9 мың адам) тұр. Бұл аймақтан қазақстандықтар Алматы мен Алматы облысына көшті.

Ресурстың жазуынша, адамдар тұрғын үй жағдайларын жақсарту, жоғары табысы бар жұмыс табу мақсатында көшеді. Еңбек нарығы мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша өңірлер де, мегаполистер де мұндай көші-қонға дайын емес.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығы сарапшыларының 2023-2030 жылдарға арналған болжамына сәйкес, жұмыс күшіне ең аз сұраныс солтүстік пен шығыста қалыптасады. Жұмысқа орналасу бойынша ең көп ұсыныс Астана, Алматы және Шымкентте күтіледі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің болжамы бойынша, бүгінгі үрдіс сақталған жағдайда, елдің солтүстік облыстарындағы халық саны 2050 жылға қарай 600 мың адамға қысқарады. Оңтүстік тұрғындарының саны (Алматы мен Шымкентті есептемегенде) 1,6 млн адамға өседі. Осылайша оңтүстік өңірлердегі халық тығыздығы солтүстікке қарағанда 4 есе жоғары болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу