Қазақстанда ұрлық деректері 18,4%-ға азайды

299

10 айда 9 мыңнан астам адам ұсталды.

Қазақстанда ұрлық деректері 18,4%-ға азайды Фото: polisia.kz

Қазақстанда жыл басынан бері ұрлық деректері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,4%-ға төмендеді. Пәтер ұрлығы 23,3%-ға, мал ұрлығы 6,7%-ға азайған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

ІІМ мәліметінше, ұрлықтың алдын алу, қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтау және жауапкершілікке тарту бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар қылмыстардың ашылу көрсеткіші де артқан. 10 айда еліміз бойынша 9 мыңнан астам адам ұсталып, 1248 қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды.

Тараз қаласында полицейлер ірі көлемдегі пәтер ұрлығын ашты. 27 жастағы жергілікті тұрғын ақшасы мен алтын бұйымдарының жоғалғаны туралы арызданған. Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер кіреберіс есіктің құлпын таңдап, пәтерге заңсыз кірген. Келтірілген шығын 17 миллион теңгеден асқан. Жедел-іздестіру шаралары барысында екі күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Түркістан облысында да пәтер ұрлығы тіркелді. Қылмыскерлер қосымша қорғаныс құралдары болмағанын пайдаланып, пластик терезені күшпен ашып, үйге кірген. Тұрғындарға ірі көлемде материалдық шығын келтірілген. Күдіктілер ұсталып, қамауға алынды.

Дрифт жасаған 411 жүргізуші анықталды

ІІМ жол қозғалысы қауіпсіздігіне де ерекше назар аударып отыр. Қала көшелерінде көлік жарыстарын ұйымдастыру және қауіпті маневрлер жасау жүргізушілер мен басқа жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндіреді.

Жыл басынан бері полиция дрифт жасаудың 411 дерегін анықтады. Оның 402-сі автокөлікке, 9-ы мотоциклге қатысты. Барлық көлік арнайы тұрақтарға қойылды.

Дрифт деректерінің ең көбі Алматы қаласында тіркелген – 142 жағдай. Түркістан облысында 45, Ақмола және Ақтөбе облыстарында 30 деректен анықталған.

Бір аптада тыныштықты бұзудың 26 мың дерегі тіркелді

Полиция түнгі уақытта тыныштықты бұзу деректерінің жолын кесу жұмыстарын да күшейтті. 13-18 қараша аралығында 26 мыңнан астам осындай құқық бұзушылық анықталған.

Сонымен қатар заңсыз граффити салу, ғимараттарға жазу қалдыру және қоғамдық орындарды бүлдіру деректерінің алдын алу мақсатында профилактикалық рейдтер жүргізіліп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуда.

Бір апта ішінде 3423 граффити жазуы жойылды. Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша 114 әкімшілік іс қозғалды. Оның 112-сі абаттандыру қағидаларын бұзуға, екеуі ғимараттарды ластауға қатысты.

Профилактикалық жұмыстар аясында волонтерлермен бірлесіп 5 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, 8 мыңнан астам түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Сондай-ақ 10 мыңнан астам ақпараттық брошюра таратылды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу