Жаңа технология препараттардың қажетті температурада сақталуын автоматты түрде қадағалауға мүмкіндік береді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінде өткен кеңесте ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді.
"Суық тізбек – иммундау жүйесінің негізгі элементтерінің бірі. Автоматтандыру вакциналарды сақтау және тасымалдау жағдайларын тұрақты бақылауды қамтамасыз етіп, кез келген ауытқуға жедел ден қоюға мүмкіндік береді", – деді Сархат Бейсенова.
Жоба вакцинаның қоймадан медициналық ұйымға дейінгі қозғалысының барлық кезеңін қамтиды. Арнайы датчиктер тоңазытқыш жабдықтарындағы температура туралы ақпаратты бірыңғай цифрлық платформаға автоматты түрде жібереді. Егер температура белгіленген көрсеткіштен ауытқыса, мамандар ақау немесе мәселе қай кезеңде болғанын жедел анықтап, тиісті шара қабылдай алады. Ал вакциналарды тасымалдайтын арнайы көліктердің қозғалысы GPS арқылы бақыланады.
Жүйе іске қосылғаннан кейін еліміз бойынша 3,5 мыңнан астам нысан және 21 мыңнан астам мониторинг нүктесі қамтылады. Сонымен қатар барлық 20 өңірдегі 800-ден астам арнайы көлік бақылауға алынады.
Жобамен қатар медициналық мекемелердегі тоңазытқыш жабдықтары да жаңартылады. Пандемия қоры есебінен тоңазытқыш камералар, мұздатқыштар және аудандық деңгейдегі медициналық ұйымдарға шамамен 900 тоңазытқыш сатып алу жоспарланған.
Цифрлық бақылау жүйесінің басты мақсаты – вакциналардың сақтау және тасымалдау талаптарының сақталуын қамтамасыз етіп, "суық тізбектегі" қауіптерді барынша азайту.