Қазақстанда "Valley" суару жүйесінің зауыты ашылады

1086

Үкімет басшысы "Valmont Industries" компаниясының басшысымен онлайн-келіссөз жүргізді.

Қазақстанда "Valley" суару жүйесінің зауыты ашылады

Әлемге "Valley" брендімен танымал "Valmont Industries" компаниясы Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігімен инвестциялық келісімге қол қойды. Бұл туралы министрліктің ресми сайты Рrimeminister.kz ақпараттық ресурсына сілтеме жасап хабарлады. 

"Премьер-министр Асқар Мамин бейнеконференция режимінде "Valmont Industries" компаниясының президенті Стивен Каневскимен келіссөз жүргізді. Тараптар мал шаруашылығы, селекция, тұқым шаруашылығы, тамшылатып және жаңбырлатып суару, аграрлық ғылым және білім салаларындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу келешегін талқылады", - деп жазады ресми ресурс.

Аталған келіссіөздің нәтижесінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, қазақстандық "Kusto Group" компаниясы және америкалық "Valmont Industries" компаниясы арасында инвестициялар туралы келісімге қол қойылыпты. Келісім Қазақстан аумағында демонстрациялық фермалар желісін құрып, заманауи суару жүйелерін өндіретін, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін басқаратын зауыт салуды көздейді. Кәсіпорын жылына 1000 дана "Valley" фронталды және айналмалы суару машиналарын шығармақ. Америка технологиясымен жасалған сурау жүйесі ауыл шаруашылығындағы су шығынын 50-70%-ға азайтуға мүмкіндік беретін көрінеді. 

Штаб-пәтері АҚШ-тың Небраска штатында 1946 жылы құрылған "Valmont Industries" компаниясы су инфрақұрылымы нысандарын басқару, инвестициялау, суармалы егіншілік және ирригациялық жүйелер өндірісі саласындағы әлемдік көшбасшы саналады.  Компанияның жылдық айналымы 2,6 млрд доллардан асады. 

"Келіссөзге Қазақстан тарапынан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов, ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, АҚШ-тағы ҚР елшісі Ержан Қазыханов, "Kusto Group" басшысы Еркін Тәтішев, америкалық тараптан АҚШ-тың Қазақстандағы елшісінің орынбасары Линг Теодор, "Valmont Irrigation" президенті Ленни Адамс және "Valmont Industries" вице-президенті Джошуа Диксон қатысты", - деп жазады АШМ сайты.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу