Жоба Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық волонтерлік желінің стратегиялық әріптестігі аясында жүзеге асып келеді.
Биыл бағдарламаға ерекше мән беріліп отыр. Өйткені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 2026 жылды Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялаған.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, бағдарламаның негізгі мақсаты – волонтерлік қозғалысқа қажетті мамандарды дайындап, еріктілер бастамаларына көрсетілетін әдістемелік қолдаудың сапасын арттыру.
Соңғы үш жылда бағдарламаның базалық курсынан 140 адам өткен. Оның ішінде 2024 жылы – 42, 2025 жылы – 47, ал 2026 жылы 51 тренер білім алған. Ал тереңдетілген курс аясында екі жыл ішінде 33 маманды даярлау жоспарланған.
Оқу кезінде қатысушылар теориялық білім алып қана қоймай, волонтерлік қауымдастықтармен тиімді жұмыс істеуге қажетті практикалық дағдыларды меңгереді. Кейін олар алған тәжірибесін өңірлердегі еріктілер мен ұйымдарға арналған семинарлар және басқа да оқыту шаралары кезінде бөліседі.
Өткен жылы тереңдетілген курс тыңдаушылары 80-нен астам семинар өткізген. Биыл өңірлерде кемінде 85 оқыту іс-шарасын ұйымдастыру жоспарланып отыр.