Павлодар аумағында "Мигрант" жедел-алдын алу іс-шарасының қорытындысы нәтижесінде Қазақстанда заңсыз жүрген 37 мигрант елден шығарылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
2017 жылғы қыркүйектің 13-15 аралығында өткен іс-шара көші-қонға бақылауды күшейту, Қазақстан Республикасына заңсыз жолмен келген тұлғаларды, заңсыз көші-қон каналдарынан өту фактілерін айқындау мақсатында өткізілді. Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктерге қатысты 3 қылмыстық іс қозғалып, Қазақстанда болу ережесін бұзған 322 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазақстанда болу ережесін бұзғандардың басым бөлігі - Өзбекстан азаматтары. Олардың көбі заңсыз құрылыста, ТҚС, қала базарларында жұмыс істегендер.
"Шетел жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 10 факт анықталды. Барлық аталған фактілер бойынша шетелдіктерді жұмысқа заңсыз жалға алғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сотқа барлығы 136 әкімшілік материал жолданды. Нәтижесінде 37 адамды елден шығару жөнінде шешім қабылданды. 283 шетел адамның Қазақстан Республикасында уақытша тұру мерзімі қысқартылды", - дейді мамандар.
Сонымен қатар, "Мигрант" жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында полицейлер Ақсу ауданының бір ауылында Қазақстан Республикасының азаматшасын ұстады. Ол белгіленген тәртіпті бұза отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын қиып өткен. Осы фактіге қатысты ҚР ҚК 392-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.