Қазақстанда зейнетақы аннуитеті қалай жұмыс істейді?

604

Елде зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақыларының (премия) түсімдері рекордтық көрсеткішке жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы finprom.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстанда зейнетақы аннуитеті қалай жұмыс істейді?

2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 70,2 жыл болды. 10 жыл бұрынғы көрсеткіш – 68,7 жыл, 20 жыл бұрынғы көрсеткіш – 65,8 жыл. 

Қазақстандықтар зейнетке 63 жаста шығады (бүгінде әйелдер 60,5 жастан зейнетке шығады, алайда 2027 жылға қарай олар да 63 жаста зейнет демалысын алады).

Бүгінде Қазақстанда түрлі қаржы өнімдері бар. Олардың көмегімен зейнетке ресми түрде шыққанды күтпей-ақ, зейнетақы төлемдерін алуға болады. Мұндай мүмкіндікті зейнетақы аннуитеті береді. Бұл өнімді пайдалану үшін өмірді сақтандыру компанияларының (ӨСК) қызметіне жүгіну керек. Аталған өнім БЖЗҚ салымшыларына зейнетақы жинағы жеткілікті болған жағдайда мерзімнен бұрын "зейнетақы" алуға мүмкіндік береді.

Бүгінде зейнетақы аннуитеті қазақстандықтар арасында танымал. 2021 жылдың қорытындысы бойынша зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақыларының түсімдері бір жылда 82,1% өсіп, 130 млрд теңгеге жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Өткен жылдың басында ӨСК-мен зейнетақы аннуитеттері шарттары бойынша 61 мың адам келісім жасаған. Сыйлықақы түсімдерінің жылдық өсуін ескерсек, сол жылдың соңына қарай олардың саны 100 мың адамнан асты деп болжам жасауға болады.

2022 жылғы 3 айда зейнетақы аннуитеті бойынша сақтандыру сыйлықақыларының түсімдері 18 млрд теңге болды.

2019 жылға дейін аталған өнімде сұраныстың өсуі тіркелгенде, сыйлықақылардың түсімі төмен деңгейде болатын. 2019 жылдан бергі қарқынды өсім халықтың қаржы сауатының артқанымен, сондай-ақ сақтандыру нарығын ауқымды цифрландыру және сектордағы заңнамалық нормаларды жеңілдетумен байланысты.

Сондай-ақ зейнетақы аннуитетіне сұраныстың артуы тұрғындардың Қазақстан экономикасындағы бірқатар ішкі және сыртқы күйзеліске және дағдарысқа алаңдауымен байланысты.

Биыл бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 9 өмірді сақтандыру компаниясының (ӨСК) арасында тек 7 компанияда зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша сыйлықақы түсімдері түскен.

Саладағы абсалют көшбасшы – Nomad Life ӨСК: биыл 3 айда зейнетақы аннуитеті бойынша сақтандыру сыйлықақыларының сомасы 6,5 млрд теңгеге жетті, бұл нарықтың 36%-ға тең. Былтыр да аталған компания салада көшбасшы болған.

Екінші орында " Халық-Life" ӨСК тұр (5,2 млрд теңге, нарықтың 29%). Үздік үштікте – Freedom Finance Life ӨСК (сыйлықақы сомасы 3,1 млрд теңге). 

Көшбасшы компаниялардың үштігі зейнетақы аннуитеттік сақтандыру нарығының 82%-ын алып отыр.

Сондай-ақ қазақстандықтар үшін зейнетақы аннуитеті құнының айтарлықтай төмендеуі жағымды жаңалық болды. Мысалы, 2020 жылы 55 жастағы ерлер үшін зейнетақы аннуитетін жасау үшін жеткілікті сома – 11,3 млн теңге, ал 51,5 жастағы әйелдер үшін – 15,5 млн теңге болса, биыл 55 жастағы ер адам 6,7 млн теңгеге, 52 жастағы әйел 9 млн теңгеге аннуитетті сатып ала алады.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу