Қазақстанда зейнетақы адамның еңбек өтіліне байланысты есептелуі мүмкін

Еліміздегі зейнетке шығу тәртібін қайта қарау ұсынылды.  

Қазақстанда зейнетақы адамның еңбек өтіліне байланысты есептелуі мүмкін Фото: zakon.kz/Максим Золотухин

Бұдан былай зейнетке шығу кезінде адамның жасы ғана ескерілмеуі ықтимал, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл бастамалардың барлығы әзірше талқылау сатысында тұрғанын мәлім етті. Яғни, нақты шешім қабылданбаған.

Өз кезегінде ведомство зейнетақы жүйесін ұзақ мерзімде қаржылық тұрғыдан тұрақты ету және азаматтарға зейнетке шыққаннан соң жеткілікті төлем беру жолдарын қарастыруда. Сол себепті, мемлекеттік органдар, сарапшылар мен салалық ұйым өкілдерінен тұратын арнайы жұмыс тобы құрылған.

Талқыдағы маңызды ұсыныстардың бірі – зейнетақы төлемін адамның орташа табысы мен еңбек өтіліне байланысты есептеу.

Мұнан өзге, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын бөлу тәртібін өзгерту ұсынылып отыр. БЖЗҚ нұсқасы бойынша, жарнаның 4 пайызы қызметкердің жеке шотына, ал 1%-ы ортақ сақтандыру бөлігіне бағытталуы мүмкін. Бұл компонент азаматқа зейнетке шыққаннан кейін өмір бойы төлем алуға жағдай жасайды деп болжанған.

Сондай-ақ, сенатор Амангелді Нұғмановтың 40 жылдық еңбек өтілін зейнетке шығу шарттарының бірі ретінде енгізу туралы ұсынысы қаралып жатыр. Әсіресе, бюджеттік салада 40 жылдан аса жұмыс істеген азаматтарға зейнетке шығу мерзімін икемдірек белгілеу мүмкіндігі берілген.

Жаза кеткен жөн, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда базалық және ынтымақты зейнетақы 10%-ға индекстелді. Базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 110%-ынан 118%-ға дейін өсті. 2027 жылы бұл көрсеткішті 120%-ға жеткізу жоспарланды.

Тағы бір айта кетерлігі, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы да кезең-кезеңімен артып келеді. 2026 жылы оның мөлшерлемесі қызметкер табысының 3,5%-ын алады, ал 2028 жылға таман 5%-ға дейін жетуі керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу