Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова аталған жайтқа байланысты пікір айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
– Бүгінде біздің қоғамда бірнеше сұрақ талқыланып жатыр. Бұл – зейнет жасын күтпей, зейнетке ерте шығу. Бұл сұрақ аналарымыз, көпбалалы аналарымыз, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарымыз үшін өте маңызды. Бұл кісілер де ерте зейнетке шығу мәселесін көтеріп отыр. Сондай-ақ, министрліктің алдына зиянды жағдайда жұмыс істейтін азаматтарды 50-55 жастан зейнетке шығару мәселесі де қойылып отыр, – деді Еңбек мині.
Оның айтуынша, зейнет жасына келген, бірақ жұмысын әлі де атқарып жүргендерге зейнетақы төлемеу туралы шешім қабылдануы мүмкін.
– Мысалы, зейнет жасына келсе де, зейнетке шықпай, жұмысын әрі қарай жалғастырған азаматтарға зейнетақысын төлемей, оны бюджетте қалдыру керек. Ал зейнет жасына жетпей, зейнетке шыққысы келетін азаматтарға бюджеттегі сол қаржыны төлеу қарастырылып отыр, – деп сөзін жалғады министр.
Зейнетке ерте шыққысы келетіндердің ұзақ уақыт бойы зейнет жарнасы аударымы болуы шарт. Демек, адам 20 жасынан бастап жұмыс істесе және тиісті жарналары уақытылы аударылса, ол 45 жасында зейнетке шығуы мүмкін. Яғни, болашақ зейнеткердің еңбек өтілі 25 жылдан кем болмауы тиіс.
Еске салайық, бұл ұсыныс нақты қабылданған жоқ, министрлік тиісті органдармен бірлесе қарап, шешім шығарады.