Елімізде жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың үшінші (облыстық) кезеңі басталып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жалпы, пәндік олимпиада дәстүрлі форматта екі тур бойынша өткізіледі. Соның ішінде, "Физика" және "Химия" пәндері бойынша эксперименттік кезеңдер өткізіледі.
Олимпиаданың үшінші кезеңінде әрбір қатысушы жеке жұмыс орнымен, жауап парақтарының бланкілерімен және оны оқыту тіліндегі тапсырмалар мәтінімен қамтамасыз етіледі. Әділдік және академиялық адалдық мақсатында жарысты өткізу процесін онлайн режимінде көру үшін арнайы бейнебақылау жүйесі жабдықталады. Ал олимпиаданың өткізілуін бақылау үшін ата-аналар комитетінің өкілдері, журналистер, ғалымдар мен ЖОО-ның оқытушылары шақырылады.
Турлар аяқталғаннан соң, тапсырмалар "Дарын" РҒПО интернет-ресурсында орналастырылады.
Айта кету керек, оқушылардың республикалық олимпиадасы 15 жалпы білім беретін пән бойынша өткізіледі. Олимпиаданың бірінші (мектептік) кезеңіне 282090, ал екінші (аудандық) кезеңіне 94000 оқушы ат салысты.