Қазақстанда жаңа мереке енгізу ұсынылды

1765

Жаттықтырушылардың кәсіби мерекесі 7 сәуірде атап өтілуі мүмкін.

Қазақстанда жаңа мереке енгізу ұсынылды

Елімізде Спорт жаттықтырушысы күнін ресми түрде мерекелік күндердің тізбесіне енгізу керек. Бұл туралы республикалық "Қазақстандық спортшылар одағы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Азамат Қарлығашев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Елімізде көптеген кәсіби мереке бар: Мұғалімдер күні, Энергетиктер күні, Қаржыгерлер күні және тағы басқа. Алайда бұл мерекелер тізімінде Спорт жаттықтырушысы күні жоқ. Сондықтан біз Спорт жаттықтырушысы күнін кәсіби мерекелер күнтізбесіне ресми түрде енгізуді ұсынамыз", - деді одақ төрағасы.

Азамат Қарлығашев мерекені 7 сәуірде атап өтуді ұсынды.

"2021 жылдың 7 сәуірде еліміздің атақты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығын тойлағалы отырмыз. Сондықтан біз Спорт жаттықтырушысы күнін дәл осы күні атап өту керек деп санаймыз", - деді Азамат Қарлығашев.

Бұл бастаманы КСРО-ның бокстан 5 дүркін чемпионы, қазақстандық спортшылар одағының құрметті мүшесі Болат Теміров қолдайтынын жеткізді.

"Бізде еңбек сіңірген жаттықтырушылар көп. Олардың көпшілігі әлем чемпиондарын тәрбиелеп, Қазақстанның атын шығарды. Алайда олардың кәсіби мерекесі жоқ", – деді ол.

Бұл пікірді Қазақстанның еңбек сіңірген спорт қайраткері Садық Мұстафаев та қолдады.

"Қазақстанда жаттықтырушыларға басымдық берілмейді. Олар оқушыларының көлеңкесінде қалып жүр. Әрине, жаттықтырушыларға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінуі керек", – деді спорт қайраткері.

Сонымен қатар, одақ бұл бастама бойынша ҚР Президент әкімшілігі мен Мәдениет және спорт министрлігіне ұсыныс хат жолдағанын атап өтті.

Айта кетейік, Қазақстан спортшылар одағы – бұрынғы және қазіргі спортшыларды, дене шынықтыру, спорт және туризм қызметкерлерін біріктіретін еліміздегі ерікті коммерциялық емес қоғамдық ұйым, 2020 жылдың 21 мамырында құрылған. Қазіргі таңда одақтың 600-ден аса мүшесі бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу