Елімізде порттардың қаншалықты қорғалғандығын бағалайтын жаңа уәкілетті орган ашылды, деп хабарлайды abctv.kz.
Инвестициялар және даму министрлігінің көлік комитеті төрағасының бұйрығымен, "порт құралдарының қорғалуына бағалауды жүргізетін және порт құралдарын қорғау бойынша жоспарды әзірлейтін" уәкілетті ұйым болып, "Ақтау халықаралық теңіз сауда порты" ұлттық компаниясы (Ақтау ХТСП) белгіленді.
Министрліктің түсіндіруінше, бұйрықта айтылған "порт құралдары" қатарына кемелерге қызмет көрсететін және халықаралық рейстерді іске асыратын теңіз терминалдары, сонымен қатар теңіз айлағының айдын-акваториясы, кемелер тұрақтайтын тұрақтар, күту орындары, теңіз портына кіреберістер жатады. Яғни, осы аумақтар мен нысандардың барлығы енді аталған уәкілетті органның бақылау аясына кірмек.
Ведомство сондай-ақ қазіргі кезде Қазақстанда 3 теңіз порты жұмыс жасайтынын еске салады: олар – Ақтау, Баутино және Құрық порттары.
"Осы стратегиялық объектілердің инфрақұрылымдарын қорғау мақсатында көлік комитеті 2017 жылдан бері кемелерді және порттық құралдарды қорғау жөніндегі Халықаралық теңіз ұйымының талаптарын ұлттық заңнамаға және тәжірибеге кіріктіру-имплементациялау бойынша жұмыстарды іске асырды. Осыған сәйкес, халықаралық рейстер жасаумен айналысатын ауыр жүк (500 регистрлік тоннадан асатын) және жолаушылар кемелеріне қызмет көрсететін порт құралдары қорғалу жоспарына ие болуға міндетті. Ол құжат тек порттық құралдарды қорғауды бағалау негізінде түзілуге тиіс. Енді осы жұмысты уәкілетті ұйым атқаратын болады",– деп мәлім етті инвестициялар және даму министрлігі.