Қазақстанда жаңа валюта пайда болуы мүмкін

1327

Оның атауы да анықталды: BidaiCoin деп аталмақ.

Қазақстанда жаңа валюта пайда болуы мүмкін

Онымен фермерлерге есеп айырысу ұсынылады. 1 BidaiCoin құны 1 теңгеге тең болады деп күтілуде.

Бұл ретте ел ішінде ең алдымен, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғауға арналған құралдарды BidaiCoin-ға сатып алу және сату ұсынылады.

Бұл идеяны мемлекеттік барлық мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператор болып табылатын "Ақпараттық-есептеу орталығы" (АЕО) акционерлік қоғамының басшысы Жанасыл Оспанов жария етті.

Бұл мекеме сондай-ақ көктемгі және күзгі маусымдарда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге берілетін арзандатылған жанар-жағармайға да жауапты болып табылатыны мәлім.

"Аграршылардың банктермен өзара әрекеттестігі кезінде қауіп-қатерлерді болдырмау үшін біз есепке алу бірлігінің айналымы тетігін әзірледік, ол смарт-байланыстарға негізделген BidaiCoin болмақ. Оның айналымға енуінің схемасы келесідей болады: фермер ақшасын теңге түрінде біздің орталық есепшотына аударады. Ал біз онлайн-айырбастау бекеті есебінде қызмет жасаймыз және еш комиссиясыз оның теңгесін BidaiCoin-ға айырбастаймыз. Бұл ретте бір BidaiCoin бір теңгеге тең болатын бағам бекітіледі. Ары қарай BidaiCoin фермердің жеке есепшотына аударылады және фермер оны тауарлық-материалдық құндылықтар, мәселен, ЖЖМ, тыңайтқыштар, өсімдікті қорғауға арналған құралдар және басқасын сатып алуға пайдаланады. Бұл жерде фермер әлгі тауарларды сатушылармен теңгемен емес, BidaiCoin-мен есептеседі", – деді Жанасыл Оспанов.

Түсіндіре кетсек, қазіргі кезде мысалы, фермер арзандатылған дизель үшін осы орталыққа ақшасын аударады да,  АЕО тек ЖЖМ-ді оператор фермерге жеткізіп берген соң ғана ақшаны аударатыны мәлім. Салдарынан, операторлар қаржының қолына уақытылы тимейтініне наразылық танытуда. Енді мемлекет олардың арасында төл төлем құралын іске қосуды ойластырып жатқан көрінеді.

АЕО басшысы бұл схеманың қауіпсіз екенін әрі бірнеше артықшылығы барлығын айтты. Мәселен, транзакциялардың конвертациялану жылдамдығы артады, жеке есепшот ретінде қызмет ететін аккаунттар қосфакторлы аутентификациямен қорғалыпты. Әрі ВidaiCoin шынайы ақшамен бекітілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу