Қазақстанда жаңа жол технологияларының бірыңғай базасы құрылады

446

Бұл туралы inbusiness.kz ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстанда жаңа жол технологияларының бірыңғай базасы құрылады Фото: ҚР ИИДМ

Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты техникалық кеңесінің екі отырысының қорытындысы бойынша жаңа технологиялар мен жол-құрылыс материалдарының бірыңғай базасына 22 техникалық шешім енгізілді

Мемлекет басшысының автожолдардың сапасын арттыру туралы тапсырмасына сәйкес ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің бастамасымен Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының сарапшылары жаңа технологиялар мен жол-құрылыс материалдарының бірыңғай базасын құру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Осылайша, жаңа технологиялардың бірыңғай тізілімі мемлекеттік ақпараттық жүйенің бір бөлігі болмақ. Оған тек зертханаларда және тәжірибелік учаскелерде сынақтан өткен жаңа және инновациялық жол-құрылыс шешімдері, оларды елдің белгілі бір климаттық аймақтарында қолдану жөніндегі ғалымдардың ұсынымдары кіреді.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдардың сапасын жақсарту жөніндегі міндет туралы айтты. Осы ретте жаңа технологиялардың бірыңғай тізілімі шешуші рөл атқарады. Бұл жолдарды жөндеу, жаңғырту және жол салу бойынша жобалау-сметалық құжаттамаға технологияларды енгізу кезінде жобалаушылар үшін ыңғайлы болмақ. Елімізде алғаш рет бірыңғай шоғырландырылған жүйе құрылуда. Аталған жүйеде Қазақстандағы жол құрылысындағы барлық технология, материалдар мен бұйымдар жинақталады", деді "ҚазжолҒЗИ" АҚ жол-құрылыс материалдары және жаңа технологиялар департаментінің директоры Әсел Нұғманова.

Институт Автомобиль жолдары комитетімен бірлесіп техникалық кеңестің екі отырысын өткізді. Оның қорытындысы бойынша қаралған 26 технологияның 22-сі тізілімге енгізілді. Оның ішінде топырақты алмастыру технологиясы, резеңке үгіндісін қолдану және бақылау құрылғылары бар "смарт-жолдар" жүйесі бар.

Жылдың соңына дейін техникалық кеңестің 5-тен астам отырысын өткізу жоспарланып отыр. Олардың әрқайсысында 10-15 технология қарастырылады. Жаңа және инновациялық әзірлемелер бойынша өтінімдер ҚазжолҒЗИ әзірлеп жатқан арнайы сайтта онлайн-тіркеу арқылы қабылданатын болады. Бұл өтініш беру процесін жылдамдатып, ашықтықты қамтамасыз етпек.

"Жобалық және мердігерлік ұйымдар үшін ашық базаға ортақ қолжетімділік әлдеқайда тиімді технологияларды енгізуге көмектеседі. Нәтижесінде ашықтық пен жалпыға қолжетімділік инновацияларды қолдануды жеделдетуге және автожолдарды жобалау, салу және пайдалану сапасын жақсартуға мүмкіндік береді", деп атап өтті А.Нұғманова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу