Бұл туралы жақында Сенат депутаттарының сауалында да айтылған еді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Осыған орай, бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабыннан соң елімізде жаңадан неше футбол стадионы салынатыны белгілі болды.
– Министрлік республика бойынша барлық спорт нысанына түгендеу жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, елімізде спорттың ойын түрлеріне арналған (футбол, волейбол, стритбол, воркаут) 6 100 жазықтық алаң бар, оның ішінде 1 200-ден астамы ауылдық жерлерде орналасқан. Ауылдық балалар мен жасөспірімдердің жыл бойы футболмен, кіші футболмен және спорттық ойындармен шұғылдануы үшін 358 спорттық кешен қолданылады. Елімізде 1 500-ден 30 000 орындық тиісті санаттағы 28 негізгі стадион бар, сондай-ақ Қызылорда қаласында 10 мың орындық трибуналары бар бір стадион салынып жатыр. Одан басқа елімізде 12 стадион құрылысы жоспарлануда. Осылайша, барлық стадионды УЕФА-ның халықаралық талаптарына сәйкестендіру бойынша жұмыстар кезең-кезеңмен жүргізілетін болады, – деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ, Олжас Бектенов Қазақстан футбол федерациясы УЕФА мамандарымен бірге 2034 жылға дейінгі қазақстандық футболды дамыту стратегиясын бекіткенін, жетістіктерді жақсарту бағытында жұмыстар басталғанын атап өтті.
– Стратегияда жалпы Қазақстанда кәсіпқой және әуесқой футболды кешенді дамытудың, футболшыларды даярлау жүйесін құрудың ерекшеліктері, футбол бизнесі индустриясын құру, халықаралық аренадағы спорттық нәтижелерді жақсарту бағытында кәсіпқой футболды трансформациялау қарастырылған, – деді Премьер-министр.