Қазақстанда жануарларға қатыгездік үшін жаза қатаңдатылады

156

Қазақстанда табиғатты қорғау заңнамасы күшейтілді. 

Қазақстанда жануарларға қатыгездік үшін жаза қатаңдатылады Фото: canva

Мемлекет басшысы заң шығару бастамасы тәртібімен әзірленген Қазақстан Республикасының "Жануарлар дүниесі, орман және аңшылық шаруашылығы, сондай-ақ кәсіпкерлік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңына қол қойды, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Заңда көзделген түзетулер жануарлар дүниесін басқарудың заманауи ғылыми негізделген тәсілдерін енгізуге, саланы цифрландыруды дамытуға, жануарлар ресурстарын қорғау және молықтыру тетіктерін жетілдіруге, сондай-ақ табиғатты қорғау заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.

Құжат аясында жануарлар ресурстарын басқарудың бейімделмелі моделіне көшу, аңшылық шаруашылығында жануарларды өсіруді дамыту, жануарларды есепке алу бойынша есептілікті цифрландыру, электр беру желілерін құстарды қорғау құрылғыларымен міндетті түрде жабдықтау, сондай-ақ әуесқойлық аң аулау кезінде жылу бейнелеуіштерді, түнгі көру құрылғыларын және ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалануға тыйым салу қарастырылған.

"Заң жануарларға қатыгездікпен қарағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді көздейді. Атап айтқанда, айыппұл мөлшері, қоғамдық жұмыстарға тарту, қамауға алу, бас бостандығын шектеу және айыру мерзімдері, сондай-ақ белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызмет түрімен айналысу құқығынан айыру мерзімдері ұлғайтылады", – делінген хабарламада. 

Ұсынылып отырған нормаларды іске асыру жануарлар дүниесін қорғау тиімділігін арттыруға, биоалуантүрлілікті сақтауды қамтамасыз етуге және табиғи ресурстарды тұрақты пайдалануға жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу