Қазақстанда жас жұптарға отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған қолдау шаралары жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен Отбасын қолдау орталықтарында некеге дейін кеңес беру қызметі жолға қойылған.
Орталық мамандары болашақ ерлі-зайыптыларға өзара түсіністік, сыйластық және жауапкершілікке негізделген берік отбасы қалыптастыруға көмектеседі.
Қазіргі таңда елімізде азаматтарға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсететін 160 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтар барлық өңірлердегі қала мен аудандарды қамтиды. Ал Астана, Алматы және Шымкент қалаларында бірыңғай қалалық орталықтар қызмет көрсетеді.
Жыл басынан бері орталықтарға 30 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Оның ішінде 24 мыңнан астам отбасыға кеңес беріліп, 5 мыңға жуық отбасы тұрақты әлеуметтік қолдауға алынған.
Мамандар отбасылардың мәселесін ерте анықтау үшін мобильді топтармен жұмыс істейді. Сонымен қатар "FSM Social" цифрлық жүйесі өтініштерді жедел тіркеп, мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысын үйлестіруге мүмкіндік береді.
Жүйелі қолдау шаралары отбасыларға қажетті көмекті дер кезінде көрсетуге, олардың әл-ауқатын арттыруға және қоғамдағы отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған.