Қазақстанда кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мемлекеттік еңбек инспекциясының аумақтық бөлімшелері мен өзге де мемлекеттік органдар жазғы демалыс кезеңінде бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтті.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 27 шілдедегі жағдай бойынша республика бойынша 4 619 нысан қамтылған. Оның ішінде 2 070 қоғамдық тамақтану орны, 1 566 аттракциондар паркі мен ойын-сауық алаңы, 234 базар мен сауда-ойын-сауық орталығы, 221 жанармай құю станциясы, 241 көлік жуу орны, 138 компьютерлік клуб және 149 өзге де нысан бар.
Профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде еңбек заңнамасын сақтамаудың 884 дерегі анықталды. Анықталған барлық заң бұзушылық бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданып жатыр.
Сонымен қатар мемлекеттік еңбек инспекторлары жұмыс берушілерге кәмелетке толмағандармен еңбек қатынастарын міндетті түрде ресімдеу, жұмыс уақытының белгіленген тәртібін сақтау, еңбекақыны уақытылы төлеу және жасөспірімдерді ауыр, зиянды әрі қауіпті жұмыстарға тартпау талаптарын түсіндіріп келеді.
Министрлік кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді. Сондай-ақ ата-аналар мен заңды өкілдерге жасөспірімдердің еңбек жағдайына назар аударып, еңбек қатынастарының ресми рәсімделуін бақылауға шақырды.