Қазақстанда жеке тұлғаларға арналған автолизинг бағдарламасы қайта іске қосылады

364

Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.

Қазақстанда жеке тұлғаларға арналған автолизинг бағдарламасы қайта іске қосылады Фото: ЖИ

Қазақстанда жеке тұлғаларға арналған автолизинг бағдарламасын қайта іске қосу жоспарланып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Министрдің айтуынша, жоба 2025 жылғы 1 желтоқсанда пилоттық режимде іске қосылып, бірнеше ай бойы сынақтан өткен. Осы кезеңде бағдарламаны іске асыру барысында құқықтық және техникалық сипаттағы бірқатар мәселе анықталған.

Атап айтқанда, мемлекеттік органдар жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін салынатын айыппұлдарды төлеу, салықты өндіріп алу тәртібі сияқты мәселелерге қатысты ұсыныстар берген. Сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі цифрлық жүйелер мен деректер базасының толық интеграцияланбағанын атап өткен.

Ерсайын Нағаспаевтың сөзінше, барлық ұсыныстар жинақталып, қазіргі уақытта бағдарлама қағидаларына енгізілетін өзгерістерді келісу жұмыстары аяқталуға жақын.

Өз кезегінде "Қазақстанның өнеркәсіптік инвесторлар одағының" президенті Қайрат Еламанов қаржылық лизинг қағидаларында бағдарламаны жүзеге асыру тетіктері мен лизингтік компанияларға қойылатын талаптар толық қамтылмағанын айтты. Оның айтуынша, бұл мәселелер Машина жасау және көлік мәселелері жөніндегі заңда ескерілген.

Қазіргі таңда аталған заңды іске асыратын нормативтік-құқықтық актіні бекіту рәсімі жүріп жатыр. Құжат күшіне енгеннен кейін автолизинг бағдарламасының қайта іске қосылатын мерзімі туралы қосымша ақпарат жарияланады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу