Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруға дербес бюджет енгізудің мерзімі анықталды

1108

Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруға дербес бюджет енгізудің мерзімі анықталды

2018 жылдан бастап Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруға дербес бюджет енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында баяндама жасаған ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

"Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту - экономикалық өркендеудің, әлеуметтік әл-ауқат пен азаматтық қоғамды қалыптастырудың бірден-бір шарты болып табылады. Қазақстанда Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы қабылданған, оның негізіне Жергілікті өзін-өзі басқарудың еуропалық хартиясында бекітілген муниципиалдық демократия мен муниципиалдық басқарудың жалпыға бірдей танылған құндылықтары салынған",- деді ведомство басшысы. "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы жөнінде баяндама жасау барысында.

Атап айтқанда, осы тұжырымдамада Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мынадай екі кезеңге бөлінген: Бірінші кезең (2013-2014 жылдар) - басқарудың төменгі деңгейлеріндегі қолданыстағы жүйенің әлеуетін кеңейту; Екінші кезең (2015-2020 жылдар) - жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі дамыту. Тұжырымдаманы іске асырудың екінші кезеңінде (2015-2020 жылдар) жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару функцияларының ара жігін одан әрі ажырату, жергілікті өзін-өзі басқарудың бюджеті мен меншігін қалыптастыру бойынша шаралар қабылданып отыр.

"Сіздерге ұсынылып отырған Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жөнінде заң жобасында (бұдан әрі-заң жобасы) жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының бюджет процесі мен коммуналдық меншікті басқарудағы өкілеттіктерін кеңейту көзделген. Заң жобасымен бюджет, салық және азаматтық кодекстерге, "Мемлекеттік мүлік туралы", "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Жарнама туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі", - деді министр.

Осы орайда ол еліміздің бюджет жүйесінің 3 деңгейден тұратынын айта келе, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер деңгейінде дербес бюджет жоқ екенін атап өтті. Бұл дегеніміз шамамен 2,5 мың әкімшілік бірлік.

"Жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ деңгейінде 2018 жылдан бастап халық саны 2000 адамнан астам әкімшілік аумақтық бірліктерде, ал 2020 жылдан бастап барлық жерлерде мемлекеттік бюджеттің 4 - деңгейі ретінде енгізілетін болады", – деді Тимур Сүлейменов.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам" Ұлт жоспарының 98-қадамы шеңберінде аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізуді тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу