Қазір елдегі 70 мың шақырым жергілікті жолдың 63,7 мың шақырымы, яғни 91%-ы нормативтік талаптарға сай келеді.
Ведомство мәліметінше, 2023 жылдың басында талапқа сай жолдардың үлесі 85% болған. Соңғы үш жылда 13,3 мың шақырым жергілікті жол жөндеу және құрылыс жұмыстарымен қамтылып, оның 10,6 мың шақырымы пайдалануға берілді.
Атап айтқанда, 2023 жылы 4,9 мың шақырым, 2024 жылы 4,3 мың шақырым, ал 2025 жылы 4,1 мың шақырым жолда тиісті жұмыстар жүргізілген.
Жолдарды жаңарту биыл да жалғасып отыр. 2026 жылы жергілікті маңызы бар тағы 2,4 мың шақырым автожол жөндеу және құрылыс жұмыстарына енгізілді.
Көлік министрлігінің мәліметінше, жұмыстардың негізгі мақсаты – тек жекелеген ақаулы учаскелерді жөндеу емес, елді мекендер арасындағы тұрақты көлік қатынасын қамтамасыз ететін сапалы жол желісін қалыптастыру.
Осы мақсатта жолдардың техникалық жағдайын кезең-кезеңімен жақсарту, соның ішінде қиыршықтас және тас материалдардан жол жамылғысын төсеу жоспарланып отыр.
Алдағы уақытта талаптарға сай емес шамамен 14 мың шақырым жергілікті жолды қамту көзделген. Бұл жұмыстардың нәтижесінде 2029 жылға қарай нормативтік жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесін 95%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Осылайша, жергілікті автожолдарды жаңарту жұмыстары жекелеген жөндеу жобаларынан жүйелі әрі ұзақ мерзімді бағдарламаға көшіп келеді. Негізгі басымдық – проблемалы учаскелерді қалпына келтіріп қана қоймай, өңірлер арасындағы көлік байланысын тұрақты қамтамасыз ету.