Қазақстанда тұрғын үй құрылысын арттыру және азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2026 жылы елімізде 20,4 млн шаршы метр тұрғын үйді немесе шамамен 188 мың тұрғынжайды пайдалануға беру жоспарланған. Жылдың алғашқы жеті айында 9,7 млн шаршы метр тұрғын үй, яғни 92,3 мың тұрғынжай пайдалануға берілді. Осылайша, жылдық жоспардың 47,5%-ы орындалды.
Тұрғын үй құрылысы бойынша мемлекеттік қолдау шаралары да іске асырылып жатыр. Биыл 155,5 млрд теңгеге 12 мың кредиттік тұрғын үй салу және сатып алу көзделген. Бұдан бөлек, 269 млрд теңгеге 13,5 мың жалдамалы тұрғын үй сатып алу жоспарланған.
Жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары аясында жыл басынан бері азаматтарға 2-5% мөлшерлемемен жалпы сомасы 72,7 млрд теңгеге 5,1 мың қарыз берілді.
Ал "Наурыз" бағдарламасы бойынша 339,2 млрд теңге көлемінде 11,5 мың қарыз рәсімделді.
Өңірлерде тұрғын үй салу және халықты баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады.