20 маусымнан бастап Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарында қабылдау комиссияларының жұмысы басталады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті.
Ведомствоның мәліметінше, ҰБТ тапсырған және мемлекеттік білім беру гранттары конкурсына қатысуды жоспарламайтын талапкерлер жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға түсу үшін құжаттарын тапсыра алады.
Ал мемлекеттік білім беру грантын алуға үміткер талапкерлердің өтініштері 13-20 шілде аралығында қабылданады. Өтініштерді кез келген жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясы арқылы, сондай-ақ виртуалды қабылдау комиссиялары мен eGov порталы арқылы онлайн форматта тапсыруға болады.
Биыл жоғары оқу орындарына түсу үшін белгіленген шекті баллдар өзгеріссіз қалды. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына 50 балл жинау қажет. "Педагогикалық ғылымдар" және "Құқық" бағыттары бойынша шекті балл – 75, ал "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша 70 балл болып белгіленген.
Мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері 10 тамызға дейін жарияланады. Ал жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.