Қазақстанда жол салу арзан

1260

Қазақстанда жол салу арзан

Ресеймен және Қытаймен салыстырғанда Қазақстанда жол құрылысына жұмсалатын қаржы сомасы төмен. Бұл туралы бүгін ҚР ИДМ автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Сатжан Аблалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Ресеймен салыстырсақ, бізде жол құрылысының құны 30-35 пайызға төмен, ал Қытайға қарағанда 70 пайыз арзан болып тұр. Бұл елдің географиялық жағдайына, пайдаланылатын материалдардың бағасына, салынатын жолдың сипаттамасына қарай байланысты болады. Көп елдерде жол уақтылы жөнделгеннен кейін, оған жұмсалатын қаржы көп болмайды. Біздегі жолдар өткен 80-ші жылдары салынған, яғни оларды толықтай бұзып, қайтадан құрылыс жүргізіп жатырмыз", - деді Сатжан Аблалиев.

Айта кетейік, бүгін парламент сенаты экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев "Жетібай-Жаңаөзен"жол  учаскесін қаржыландырудың мән-жайын түсіндіріп берген болатын.  Өз кезегінде  Сатжан Аблалиев салынатын жолдың құнына тоқтала келе, ол жолдың санатына құрылыс жүретін өңірге немесе жердің бедеріне байланысты болатынын атап өтті. "Жетібай-Жаңаөзен" жол учаскесі жобасында 1 шақырымы  (бірінші санаттағы төрт жолақты жол) 1,2 млн доллар шамасында, яғни 400 млн теңге көлемінде.

"Басқа өңірлерде елді мекендерге жақын жерлерде және жасанды құрылыстар көп жерлерде жол құрылысының құны 600 млн теңгеге дейін жетеді", - деді Сатжан Аблалиев.

Аталған қаржы 73 шақырым аралықтағы төрт және екі жолақты қозғалысы бар асфальт-бетонды жолдың құрылысына бағытталады. Сонымен қатар бір жол айрығы, екі көпір, 19 су өткізу құбыры салынады. Жоба 2017-2019 жылдары жүзеге асырылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу