Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жұбайының келісімін қажет ететін кредиттің немесе микрокредиттің ең төменгі мөлшерін бекіту және келісімді алу қағидалары туралы қаулы жобасын әзірледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құжат “Ашық НҚА” сайтында жарияланды.
“Республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген 1000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (1 АЕК – 3692 теңге) банк қарызы немесе микрокредит алуға жұбайының (зайыбының) келісімі қажет болатын тұтынушылық банктік қарыздың немесе тұтынушылық микрокредиттің ең төменгі мөлшері бекітілсін”, – делінген қаулыда.
Яғни, алатын несиенің сомасы 3 692 000 теңгеден асса, жұбайының келісімі қажет болады.
Ал жұбайының келісімін қағаз жүзінде немесе электронды форматта рәсімдеуге болады.
Қағаз жүзінде ресімделген келісімге қарыз алушының жұбайы немесе нотариалды куәландырылған сенімді адамы қол қояды.
Электронды форматтағы келісім несие алушының қашықтан қызмет көрсету бағдарламалық қамтылуы не клиенттің жұбайын (зайыбын) биометриялық идентификаттауды қамтамасыз ете отырып, "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы беріледі.
Электрондық түрде берілген келісімді қарыз алушының жұбайы келісімді алған күннен бастап 48 сағат ішінде электрондық цифрлық қолтаңба (ЭСҚ) арқылы куәландырады.
Келісімде мынаны толтыру керек:
келісімнің ресімделген күні;
клиент және оның жұбайы туралы мәліметтер: тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты
куәландыратын құжатта көрсетілсе) және жеке сәйкестендіру нөмірі;
кредит туралы мәліметтер: сомасы, мерзімі, сыйақы мөлшерлемесінің көлемі (жылдық пайызбен не белгіленген сомада), дұрыс, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеу арқылы сыйақы мөлшерлемесінің көлемі.
Құжат 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.