Қазақстанда жүлде қоры 180 мың АҚШ долларын құрайтын "Опералия" байқауы өтеді

830

Қазақстанда жүлде қоры  180 мың АҚШ долларын құрайтын "Опералия" байқауы өтеді

Ұлы опера әншісі әрі дирижер Пласидо Доминго негізін қалаған вокалшылардың дүние жүзіндегі ең беделді "Опералия" байқауы Қазақстанда алғаш рет өтеді, деп хабарлайды "Астана Опера" театрының баспасөз қызметі.

Жиырма бесінші рет ұйымдастырылғалы отырған Опера өнерінің дүниежүзілік байқауы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 2017 жылдың 24 - 29 шілдесі аралығында "Астана Опера" сахнасында өтеді.      

 - "Астана Опера" театрының өнер ұжымы "ЭКСПО-2017" көрмесіне орай есте қаларлық керемет бағдарлама  әзірледі. Солардың қатарында "Опералия" бар. Маэстро Домингоның әлемдік опера өнеріне қосқан үлесіне баға жетпейді. Мұндай деңгейдегі тұлғамен бірге жұмыс істеу біз үшін үлкен мақтаныш, - дейді "Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедияров. 

"Опералия" байқауына 18 бен 32 жас аралығындағы кез келген әнші (бас даусынан бастап, сопраноға дейін) қатыса алады. Астанаға дүниежүзінің түкпір-түкпірінен 40 жуық дарынды вокалшы келеді. Алдын-ала іріктеу электрондық өтініш бойынша 2016 жылдың желтоқсанынан бастап, 2017 жылдың ақпанына дейін жүреді. Байқау үш кезеңнен тұрады және маэстро Домингоның "Астана Опера" Симфониялық оркестріне жетекшілік етуімен өтетін жеңімпаздардың гала-концертімен аяқталады.

Байқаудың жалпы жүлде қоры 180 мың АҚШ долларын құрайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу