Биыл Қазақстаннан Арменияға аударылатын жеке трансферттердің жалпы сомасы рекордтық көрсеткішке жетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстанның Армения Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Тимур Оразаевтың айтуынша, елімізде 15 мыңнан астам армян тұрады. Барлығында Қазақстан азаматтығы бар.
"Сосын тура осындай еңбек мигранты уақытша жұмысқа келіп тұрады. Осы орайда қызықты бір деректі келтіруге болады. Арменияға аударылатын жеке трансферттер бойынша Қазақстан үшінші орында келеді. Алдымызда Ресей мен АҚШ тұр. Мәселен, Ресейден жыл сайын Арменияға 1 млрд доллардан астам ақша жіберіледі. АҚШ-тан - 700-800 млн доллар. Ал Қазақстаннан жыл сайын 20-25 млн доллар аударылатын. Алайда биыл аталған сома рекордтық көрсеткішке жетейін деп тұр. Себебі қазірдің өзінде біраз ақша аударылды. Меніңше, жылдың аяғына дейін ол қаржының көлемі 40 млн долларға жетеді", - деді Оразаев бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Айта кетейік, жеке трасферттер - ол уақытша жұмыс істейтіндердің өз еліне жіберген ақшасы. Ондай қаражат ішкі жалпы өнімнің құнына кірмейді. Себебі жеке трансферт басқа елге аударылады да, оның орнына ешқандай тауар берілмейді.