Қазақстанда жыл басынан бері 1 мыңнан астам жер сілкінісі тіркелді

335

Вице-премьер Қанат Бозымбаев Алматыға жұмыс сапары кезінде төтенше жағдайларға дайындықты тексеріп, сейсмикалық қауіпсіздік жүйелерінің жұмысын бағалады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстанда жыл басынан бері 1 мыңнан астам жер сілкінісі тіркелді Фото: ТЖМ

Сапар қорытындысында ғимараттардың жер сілкінісіне төзімділігін бақылауды күшейту және қауіпті аумақтарда құрылыс жүргізуге қойылатын талаптарды қатаңдату жөнінде тапсырмалар берді.

Қанат Бозымбаев Төтенше жағдайлар министрлігінің "Алатау" жедел мақсаттағы Оңтүстік базасында болып, құтқарушылар мен №21 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің төтенше жағдайларға дайындығымен танысты. Ол келесі жылы барлық күштер мен құралдарды қатыстыра отырып, ауқымды командалық-штабтық оқу-жаттығулар өткізуді тапсырды.

"Бөлімшелердің нақты жасақталуын және төтенше жағдайларға ден қоюға дайындығын тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде тексеру маңызды", – деді вице-премьер.

Сондай-ақ ол "Медеу" сейсмологиялық станциясында жер сілкінісін бақылау жабдықтары мен ерте ескерту жүйесінің жұмысын көрді. Бұдан бөлек, Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығында Қазақстан мен Қытайдың бірлескен зерттеу орталығын құру мәселесі талқыланды. Жоба ғылыми зерттеулер жүргізуге, сейсмологиялық деректер алмасуға және ерте ескерту жүйелерін дамытуға бағытталған.

Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінде азаматтық қорғау күштерінің дайындығы қаралды. Вице-премьер 103,6 мыңнан астам өтініш қабылдаған 109 бірыңғай байланыс орталығының жұмысымен және зардап шеккен тұрғындарды орналастыру пунктімен танысты. Қалада осындай 384 пункт бар, оның 150-і мобильді қоймалармен қамтамасыз етілген.

Алматы әкімдігінде өткен кеңесте Қазақстан аумағының шамамен 40%-ы сейсмикалық қауіпті аймақтарға жататыны айтылды. Биыл жыл басынан бері елімізде 1 мыңнан астам жер сілкінісі тіркеліп, оның сегізі 2–4 балл деңгейінде сезілген.

"Сейсмикалық қауіпті болжау мәселесінде заманауи тәсілдер қажет. Бұл жұмысқа цифрлық құралдарды белсенді түрде енгізу керек", – деп атап өтті Қанат Бозымбаев.

Кеңес қорытындысы бойынша ғимараттардың сейсмикалық төзімділігін тексеру, қауіпті өңірлердегі нысандарға бақылауды күшейту және қауіп-қатерлердің цифрлық дерекқорын қалыптастыру тапсырылды. Сонымен қатар тектоникалық жарылымдар мен тау бөктеріндегі аумақтарда құрылыс жүргізуге шектеу қою қажеттігі айтылды.

Төтенше жағдайлар министрлігіне сейсмологиялық мониторингті жетілдіру, Mass Alert жүйесін енгізуді аяқтау және тұрғындардың жер сілкінісіне дайындығын арттыру міндеттелді.

Бұдан бөлек, Түркістан, Маңғыстау облыстары мен Тараз қаласының сейсмикалық аудандастыру карталарын әзірлеуді қаржыландыру мәселесін пысықтау және Қазақстан-Қытай бірлескен зерттеу орталығын құру жұмысын жандандыру тапсырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу