Ішкі істер министрлігі заңсыз сақталған қаруды анықтап, айналымнан алу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Жыл басынан бері ел бойынша 2 200-ден астам түрлі қару тәркіленген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның ішінде 190-ы криминалдық қару. Ал соның 162-сі Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған.
20-22 қараша аралығында республика көлемінде "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Үш күн ішінде полиция қызметкерлері 188 атыс қаруын тәркіледі.
Оның 17-сі ойық ұңғылы, 125-і тегіс ұңғылы қару болса, 46-сы өзге санаттағы қару. Сонымен қатар әртүрлі калибрдегі 500-ден астам оқ-дәрі мен сегіз граната тәркіленді.
– Мысалы, 20 қарашада Түркістан облысында полиция қызметкерлері Сарыағаш ауданы тұрғынынан ойық ұңғылы винтовка, тегіс ұңғылы шолақ мылтық, пневматикалық винтовка, белгі беру тапаншасы және әртүрлі калибрдегі 28 патрон тауып, тәркіледі. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады, – деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің өкілі Бекзат Кемал.