Қазақстанда жыл басынан бері 33 дропперлік топтың қызметі тоқтатылды

296

Заңсыз әрекеттерге 500-ден астам азаматтың қатысқаны белгілі болды.

Қазақстанда жыл басынан бері 33 дропперлік топтың қызметі тоқтатылды Фото: banki.ru

Қаржылық мониторинг агенттігі дропперлікпен күресті еліміздің қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі бағыттардың бірі ретінде қарастырады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жыл басынан бері Агенттік қылмыстық кірістерді заңдастырумен айналысқан 33 дропперлік топтың жұмысын тоқтатты. Тергеу барысында қылмыстық схемаларды ұйымдастырған 40-тан астам адам анықталып, заңсыз әрекеттерге 500-ден астам азаматтың қатысқаны белгілі болды.

Тергеу деректеріне сәйкес, дропперлердің банктік шоттары арқылы жалпы көлемі 112 млрд теңгеден асатын заңсыз қаржылық операциялар жүргізілген. Ал соңғы екі айдың ішінде ғана мыңнан астам дроп-карта бұғатталған. Батыс Қазақстан облысында ҚМА департаменті интернет-алаяқтықтан түскен қаржыны заңдастыру үшін азаматтардың банктік шоттарын пайдаланған халықаралық "дроповодтар" желісінің қызметін әшкереледі.

Тергеу мәліметінше, бұғатталған шоттар арқылы шамамен 17 млн теңге айналымнан өткен. Кейін ұйымдасқан топ мүшелері шот иесі болған 18 жастағы азаматты күш қолданамыз деп қорқытып, банктік шоттарға қолжетімділікті қайта қалпына келтіруге мәжбүрлеген. Осындай заңсыз схема Жетісу облысында да анықталды. Әлеуметтік желідегі жұмыс туралы хабарландыруға сенген тұрғын кураторлардың тапсырмасымен интернет-алаяқтықтан түскен қаражатты өз шоттары арқылы қабылдап, кейін оны криптовалютаға айырбастап, ұйымдастырушылардың есепшоттарына жіберіп отырған. Әр операция үшін комиссия алып отырғаны белгілі болды.

Ал Түркістан облысында дропперлік әрекеттер Telegram мессенджеріндегі жасырын куратор арқылы ұйымдастырылған. Ол студенттер мен кәмелетке толмағандарға сыйақы ұсынып, интернет-банкингке қолжетімділікті беруге үгіттеген. Соның салдарынан 20-дан астам жас тергеу аясында жауапқа тартылды.

Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды мұндай заңсыз схемаларға қатыспауға шақырады. Ведомствоның ескертуінше, дропперлікке қатысу қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Қаржылық қауіпсіздік әр азаматтың жауапкершілігінен басталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу