Қазақстанда жыл басынан бері мүгедектігі бар азаматтарға 24 мыңға жуық жеке көмекші қызметі көрсетілді

304

Бір айда 60 қызметке дейін көрсетуге болады.    

Қазақстанда жыл басынан бері мүгедектігі бар азаматтарға 24 мыңға жуық жеке көмекші қызметі көрсетілді Фото: rskrf.ru

2026 жылдың басынан бері Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтарға жеке көмекші қызметі арқылы 24 мыңға жуық көмек көрсетілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жеке көмекші қызметі мүгедектігі бар адамдардың күнделікті қажетті жерлеріне баруына, түрлі жұмыстарын орындауына және өз бетінше жүріп-тұруына жәрдемдесуге бағытталған.

Қызмет көрсету үшін мүгедектігі бар адам, жеке көмекші және жергілікті атқарушы орган арасында үшжақты келісімшарт жасалады. Құжатта қызмет көрсету тәртібі, сондай-ақ тараптардың құқықтары мен міндеттері көрсетіледі.

Жеке көмекші тек нақты көрсеткен қызметі үшін ақы алады. Бір қызметтің құны АЕК мөлшерінің 54,56%-ына тең. Бір реттік қызмет көрсету ұзақтығы 4 сағаттан аспауы керек, ал бір айда 60 қызметке дейін көрсетуге болады.

Қызмет көрсетілетін күн мен уақытты азамат жеке көмекшімен өзара келіседі. Яғни қызмет алушы өзіне қолайлы кестені алдын ала белгілей алады.

Жеке көмекшінің еңбекақысы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы автоматты түрде төленеді. Қаражат нақты көрсетілген қызметті растайтын акт негізінде аударылады.

Бұл ретте қызмет алушы көрсетілген көмектің сапасын бағалауға құқылы. Егер қызмет толық көрсетілмесе немесе оған қатысты негізді шағымы болса, азамат орындалған жұмыс актісіне қол қоймай, шағым бере алады.

Ал келісімшарт талаптары сақталмаған жағдайда көрсетілген қызмет үшін ақы төленбейді. Сондай-ақ азаматқа жеке көмекші қызметі қажет емес деп белгіленсе, төлем қарастырылмайды.

Жергілікті атқарушы органдар өңірдің ерекшелігі мен бюджет мүмкіндігіне қарай көрсетілетін қызмет санын қайта қарауы мүмкін.

Үшжақты келісімшарт осы бағытта жұмыс істейтін барлық жеке көмекшіге, оның ішінде бұған дейін де қызмет көрсетіп жүрген мамандарға қолданылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу