Ішкі істер министрлігі "Заң мен Тәртіп" қағидаты аясында кез келген құқық бұзушылыққа дер кезінде ден қою және жауапкершілікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастырып келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Атап айтқанда, түнгі уақытта тыныштықты бұзу, бұзақылық жасау, аулалар мен басқа да қоғамдық орындарда пиротехникалық құралдарды пайдалану фактілері бақылауға алынған.
Көпқабатты тұрғын үйлер орналасқан аумақтарда, аулаларда, кафе, мейрамхана және ойын-сауық орындарының маңында патрульдеу күшейтілді. Құқық бұзушылықтарды анықтауға бейнебақылау камералары да жұмылдырылған. Жаппай бейнебақылау аясында камералар жедел басқару орталықтарына қосылып жатыр. "Қауіпсіз үй" жобасы бойынша учаскелік инспекторлар ауладағы бейнекамераларға қол жеткізуде.
Жыл басынан бері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 437-бабы бойынша тыныштықты бұзудың 79 мың фактісінің жолы кесілген. Ал елді мекендерде пиротехникалық құралдарды пайдаланғаны үшін 269 құқық бұзушылық анықталды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп.
– ІІМ-нің ұстанымы айқын: қоғамдық тәртіпті бұзудың бірде-бір фактісі назардан тыс қалмауы тиіс. Заң баршаға ортақ, ал тәртіп айналадағы адамдардың құқықтарын құрметтеуден басталады, – делінген хабарламада.
Егер тыныштықты бұзу бұзақылық әрекеттермен қатар жүрсе, кінәлі тұлғалар ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылады.
Сонымен қатар кәсіпкерлермен де жеке жұмыс жүргізіліп жатыр. Тыныштықты бұзу фактілеріне байланысты учаскелік инспекторлар мұндай құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою үшін кәсіпкерлік субъектілерінің атына 8 мыңнан астам ұсыну енгізген.
Алдын алу жұмыстарына да басымдық берілген. 6 мыңнан астам учаскелік инспектор шағын аудандар мен тұрғын үй кешендері тұрғындарының чаттарына қосылған. Бұл азаматтардың өтініштерін жедел қарауға, құқық бұзушылықтарға дер кезінде ден қоюға және заң талаптарын түсіндіруге мүмкіндік береді.