Елімізде жыл сайын шамамен 5 мың тонна бал өндіріледі

127

Соның 46,5 пайызы немесе 2,3 мың тоннасы жеке қосалқы шаруашылықтарда, ал 54 пайызы немесе 2,7 мың тоннасы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тарапынан өндіріледі.

Елімізде жыл сайын шамамен 5 мың тонна бал өндіріледі Фото: crispy.news

Елімізде ара шаруашылығы қарқынды даму жолына түсіп, ауыл шаруашылығы саласының табысты әрі стратегиялық маңызы зор бағыттарының біріне айналып келеді. Былтыр балды шетелге шығару көлемі 2,5 есеге артып, отандық өнімге халықаралық сұраныстың жоғары екенін дәлелдей отырып, сыртқы нарыққа шығу мүмкіндігін кеңейтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

2025 жылдың қорытындысы бойынша шетелге 1 477 тонна бал жеткізілді. 2024 жылы бұл көрсеткіш 603 тонна болған. Негізгі бағыт – Өзбекстан, оған 1 264 тонна немесе жалпы көлемнің 85,6 пайызы тиесілі. Сонымен қатар қазақстандық бал Канада, Қытай, Сауд Арабиясы, Ресей және Америка Құрама Штаттарына шығарылды. Алғаш рет Оман еліне де өнім жеткізілді.

Балдың сырттан әкелінуі едәуір азайып, 2024 жылғы 1 663 тоннадан 262,4 тоннаға дейін төмендеді. Бұл ішкі өндірістің артқанын және отандық өндірушілердің нарықтағы орны нығайғанын көрсетеді.

Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан, Павлодар, Алматы, Түркістан, Абай және Жетісу облыстарында 241 мың ара ұясы бар. Оның 90,2 мыңы – асыл тұқымды.

Мемлекеттік қолдау аясында мал шаруашылығын дамыту қағидалары бойынша бал өндірісінің шығынын азайту мақсатында өткізілген әр килограмм өнімге 200 теңге көлемінде қаржылай қолдау қарастырылған.

Саланы дамыту бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасуда. 2024 жылы 2025–2027 жылдарға арналған ара шаруашылығын дамыту жөніндегі жол картасы бекітілді. Жұмыс тобы "Ара шаруашылығы туралы" және "Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы" заңдарға өзгерістер әзірледі. 2025 жылғы сәуір айында заңнамалық түзетулер Қазақстан Парламентінің қарауына жолданды.

Ағымдағы жылдың 11 ақпанында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ара шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті.

Аталған өзгерістерді қабылдау саладағы есеп жүргізудің ашықтығын қамтамасыз етіп, жұмысты жетілдіруге, қазақстандық балдың сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сондай-ақ өнімді шетелге шығару көлемін ұлғайту мен ауылдық аумақтарды дамытуға берік негіз қалыптастырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу